$515.03 €584.82 ₽6.24
×

Танымал жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден озды

AstanaTV
22.04.2025ж. 20:00
96
Танымал жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден озды

Қазақ әдебиеті қара жамылды. Танымал жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден озды. Мемлекет басшысы қаламгердің проза, ұлттық кино, драматургия саласына қосқан үлесін алға тартып, отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Әкім Тарази есімімен ел есінде қалған Әкім Үртайұлы 1933 жылы  Алматыда дүниеге келген. Еңбек жолы 1962 жылы «Литературная газета»-да басталған. «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы ретінде де қызмет атқарды. Оның «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Мұстафа Шоқай» және тағы да басқа туындылары қазақ әдебиетінде ерекше орын алды.

СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ:

Біз Әкім ағаменен 1975 жылдан бері аға-іні таныс болып едік, қызметтес болдық. Әсіресе кино саласында ол басшы болды, біз қосшы болып едік. Ұлтты сүюдің, ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетті дегіміз келеді.  Шағын ғана «Андрей» деген очеркі бар ол кісінің. Сол очеркті оқыған адам Әкім Таразидің халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен және халқы үшін күрескен қаламгер болғанын көреді.


Әкім Үртайұлының қазасы жазушылар үшін суыт хабар болды. Қайраткерлер қайғыра көңіл айтып, қаламгерді қарапайым, талғампаз, жанашыр тұлға ретінде еске алды.

ҚАСЫМХАН БЕГМАНОВ, АҚЫН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Сапардағы бірге жүрген сәттерім Әкім аға туралы менің ойыма, жүрегіме өшпестей үлкен із қалдырды. Содан соң Әкім ағамыздың аудармашы ретінде де бірнеше керемет аударма кітаптар жасады. Шетелдің ақын-жазушыларын аударды.


Айта кетейік, жазушының бірнеше шығармасы орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылған. Қаламгердің туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына еніп,   театрда сахналанып келеді.