$518.07 €595.21 ₽6.37
×

Алматыда университеттер арасында шахматтан University Chess Cup командалық турнирі басталды

AstanaTV
22.04.2025ж. 20:00
65
Алматыда университеттер арасында шахматтан University Chess Cup командалық турнирі басталды

Алматыда  университеттер арасында шахматтан University Chess Cup командалық турнирі басталды.  Доданы Қазақстан шахмат федерациясы мен  Ұлттық студенттер спорт одағы бірлесіп ұйымдастырды. Оған еліміздің әр өңірінен келген жоғары оқу орындарының үздік шахматшылары қатысуда.

Алматыдағы Еуразия технологиялық университеті бүгін шахмат додасы өтетін маңызды мекенге айналды.  Еліміздің әр өңірінен келген студенттер жиналды.  University Chess Cup – жастар арасындағы зияткерлік жарыстарды жаңа деңгейге көтерген жобалардың бірі.

МҰХТАР ЕСҚАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СТУДЕНТТЕР СПОРТ ОДАҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
 

Елімізде 119 жоғары оқу орындары болатын болса 600 мыңнан астам студент жастар білім алып жатыр осы елімізде, республикамызда. Осы жоғары оқу орындарына шахматты спорт түрін енгізе отырып, жастар арасында насихаттау, дәріптеу және де осы келісімшарт немесе мемарандум аясында студенттер арасында спортты бұқаралық бағытта бұқаралық спортты дамыту бағытында көптеген іс-шаралардың қатарын дайындау болып табылады.


Жарыс швейцариялық жүйе бойынша өтеді. 9 турдан тұратын турнирде әр партияға 10 минут және әр жүрістен кейін 5 секунд қосылады. Команда құрамында төрт ойыншы болуы тиіс,   бірі – міндетті түрде әйел. Әр қатысушы тек өз тақтасында  ойнап, ауыстыруға жол берілмейді.

КӨРКЕМТАЙ АСЫЛҒАЗЫ, ҚАТЫСУШЫ:

Біз СДУ командасынан. Осы турнирда орын алуға біз барынша күш жинауға тырысамыз. Біз үнемі дайндалып жүреміз осы турнирларға. Өйткені білеміз турнирлар жиі болып тұрады және осы турнир біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар болашақ мамандарды дайындау ісінде маңызды рөл атқарады. Қазірдің өзінде Қазақстанның жүздеген мектебінде шахмат пән ретінде оқытылып жатыр

ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 
7 педагогикалық университетте шахматты Майнер бағдарламасы ретінде енгізіп жатырмыз. Демек біз болашақ мамандарды жаттықтырушыларды мұғалімдерді дайындап жатырмыз. Қазақстан шахмат федерациясы енгізген 600-ге жуық мектептер бар. Бұл мектептерде шахматты міндетті пән ретінде енгізгенбіз.


Командалық есеппен қатар, әр тақтада үздік шыққан ойыншылар да марапатталады. Жүлде қоры – 3 миллион теңге. Бірінші орын алған команда 900 мың теңге, ал үздік ойыншылар жеке есепте 70 мың теңгеден иеленеді. Бұл – тек бәсекелестік емес, студенттердің өз әлеуетін көрсету алаңы болмақ.