$518.07 €595.21 ₽6.37
×

Талдықорғанда дүкендегі банк терминалын ұстаған баланы тоқ соқты

AstanaTV
23.04.2025ж. 09:24
69
Талдықорғанда дүкендегі банк терминалын ұстаған баланы тоқ соқты

Дүйсенбі күні Талдықорғанда бала Kaspi терминалына қолын тигізген кезде тоқ соқты, деп хабарлады Kazinform.

Баланың саусақтары күйіп қалған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, ол ауруханада жатыр.

Терминалға қол тигізгенде ток ұрған сәті бейнеленген видео әлеуметтік желілерде пайда болды.

Полиция қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізіліп жатыр. 

– Полиция қызметкерлері қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кәмелетке толмаған бала зардап шекті. Тергеу барысында қауіпсіздік нормалары мен құрылғыны орнату ережелерінің сақталуы тексеріліп жатыр. Егер кінәлі тұлғалар анықталса, олар заңмен белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаменті.

Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екені хабарланды.

Банк оқиғаға қатысты пікір білдірді

– 21 сәуірде Талдыкорғанда бала темір торға және азық-түлік дүкені аумағында орналасқан Kaspi терминалының корпусына қол тигізгенде тоқ соғып жарақат алды, – деп хабарлады банк өкілдері.

Банк өкілдері баланың емделуіне қажетті барлық көмек көрсетіліп жатқанын, оның отбасымен байланыста екенін, мамандар оқиға себептерін тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Еске саламыз, бұған дейін Қызылордада мұздатқыш камераға қол тигізгеннен кейін ток соғып қайтыс болған баланың отбасы тергеудің баяу жүргізілуіне наразылық білдірген болатын.