“Реал” және Бразилия құрамасының шабуылшысы Винисиус Жуниор қатаң санкцияларға тап болуы мүмкін. Италиялық журналист Джанлука Ди Марционың хабарлауынша, бразилиялық Tiberis Holding do Brasil компаниясы ФИФА-ның Этикалық комитетіне шағым түсіріп, ойыншыны екі жылға дейін дисквалификациялауды талап етті,-деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мәселе – мүдделер қақтығысында. Винисиус әкесі басқаратын ALL Agenciamento Esportivo компаниясы арқылы футбол клубтарын сатып алуға қатысқан деген күдікке ілінді.
Назар “Атлетик” клубына ауды. Сан-Жуан-дель-Рей қаласының командасы жақында Б сериясына көтерілді. Клубтың 16,5% акциясына иелік ететін Tiberis компаниясы олардың сату құқықтары бұзылғанын және бақылау Винисиуспен байланысты компанияға өткенін мәлімдеді. Іс халықаралық деңгейге шықты. Ал Tiberis Винисиусты футболшыларға клуб иеленуге тыйым салатын ФИФА кодексін бұзды деп айыптады. Бұл санкцияларға алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар, Португалияның “Алверка” клубы да Винисиустың бақылауына өтті деген ақпарат бар. Бұл жағдай расталса, футболшы дисквалификацияға, айыппұлға немесе клуб акцияларын сатуға мәжбүр болуы мүмкін.
ФИФА шағымды қарап жатыр, ал санкциялар ұйымның шешіміне байланысты болады.
Винисиус “Реалға” 2018 жылы “Фламенгодан” 45 миллион еуроға ауысқан. Биылғы Ла Лига маусымында ол 26 матч өткізіп, 11 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген.