Жұлдыз Сүлейменова кітапханашы мамандығы жайлы министрге сауал жолдады,-деп хабарлайды Astana TV.
«Бүгін елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні атап өтіліп жатыр. Бұл игі бастама мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтай аясында берген тапсырмасына сәйкес және депутаттық корпустың қолдауымен жүзеге асырылды. Ұлттық кітап күні – қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған маңызды бастама.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде кітап оқудың тұлға қалыптастырудағы маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған орай, елімізде жазушылар мен авторларға қолдау көрсету мақсатында арнайы гранттар бөлу мәселесі заңнамада қарастырылуда. Бұл бастамалар рухани дамудың негізгі тірегі», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Халық қалаулысы сөзін жалғай отырып, салада шешімін таппай тұрған мәселелер бар екенін тілге тиек етіп өтті.
«Алайда, бұл салада әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер бар. Соның бірі – кітапханашылардың кәсіби біліктілігі мен кадрлық қамтылуы. «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша кадрлар даярлауды «Журналистика және ақпарат» бағыты аясында 51 жоғары оқу орны жүзеге асырады. Осыдан 2 жыл бұрынғы мәліметтермен салыстырсақ, әрине салада ілгерілеу бар. Мысалы, 36 бағдарлама кәсіби стандарттары жетілдірілген. Бакалавриатта – 5 881 студент, магистратурада – 287 магистрант, докторантурада – 73 докторант, барлығы 6241 адам оқиды. Дегенмен, бүгінгі таңда, ҚР Білім саласындағы ұлттық классификатор мен жоғары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде бөлек қарастыру қажет деп санаймын.
«Кітапхана ісі» – бұл ақпаратты сақтау, жүйелеу, оқырманға ұсыну және цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қоғамға ақпараттық қызмет көрсетуге бағытталған дербес сала. Ол оқытатын пәндер мен кәсіби дағдылар жиынтығы жағынан журналистикадан түбегейлі ерекшеленеді», - дейді Мәжіліс депутаты.
Бүгінгі күні елімізде цифрлық трансформация, жасанды интеллект, ашық білім ресурстары кеңінен дамып келеді. Осындай кезеңде кәсіби кітапханашыға деген сұраныс артуда, алайда мамандықтың мәртебесі мен танымалдылығы төмендеп барады. Оның бір себебі – тиісті білім беру бағытының бұрмалануы мен нақты ерекшелігінің ескерілмеуі, дейді ол.
«Сонымен бірге, еліміздегі университеттерде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша әзірленетін білім беру бағдарламалары көбінесе жалпы сипатта болып, кітапхана саласының нақты секторларына бейімделмеген. Сондықтан уақыт талабына сай, педагог-кітапханашыларды, қоғамдық кітапханалардың қызметкерлерін және ғылыми-зерттеу мекемелерінің кітапханашыларын арнайы даярлауға бағытталған салалық, мамандандырылған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет», - деп депутат ойын жеткізді.
Өз сөзінде кітапханалар білім мен мәдениеттің ошағы болғандықтан, кітапханашы мамандығының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуі шарт екенін жеткізді. Қоғамның түрлі қажеттіліктерін қамту үшін салалық мамандандырылған кітапханашыларды даярлау маңызды:
Педагог-кітапханашылар – оқу сауаттылығын арттыру үшін мектептер мен оқу орындарында жұмыс істейтін кітапханашылар.
Қоғамдық кітапхана мамандары – халықтың мәдени сұранысын қанағаттандырып, оқырмандық белсенділікті дамытуға атсалысатын мәдениет саласындағы кітапханашылар.
Ғылыми кітапханашылар – университеттер мен ғылыми орталықтардағы дерекқорлармен жұмыс істейтін ғылыми қызметкер ретіндегі кітапханашылар.
Жұлдыз Сүлейменова сөз соңында проблемалардың шешім жолын ұсынып өтті:
ҚР Білім саласындағы ұлттық классификатор мен жоғары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде бөлуді қарастыру.
Бүгінгі таңда, «Кітапхана ісі» мамандығымен оқып жатқан бакалавр, магистр және PhD докторанттарының еңбек нарығындағы сұранысына сараптама жасау, жұмыспен қамту бағдарламасын қабылдау.
«Кітапхана ісі» мамандығында «Педагог-кітапханашы», «Мәдениет саласының кітапханашысы», «Ғылыми кітапханашылар» білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет.