Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады
"Биыл - Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды. «Байқоңыр жердің кіндігі» - деп бекер айтылмаса керек. Осы күнге дейін ғарышқа ұшқан адам баласының тең жартысы қасиетті қазақ жерінен көкке көтерілді.
Ағымдағы жылдың 8 сәуір күні бірқатар депутат "Байқоңыр" ғарыш айлағына барып, Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысын өткіздік. "Бәйтерек" кешенін жаңғырту жұмысы барысымен таныстық",-деді депутат.
Бұл жоба Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені Байқоңыр ғарыш айлағынан коммерциялық мақсатта зымырандар ұшыру еліміздің әлемдік зымырандар тасу нарығына кіруіне үлкен мүмкіндік береді.
"Алғашқы коммерциялық мақсаттағы зымыран тасығыштарын ұшыру 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланып отыр. Бәрі сәтті іске асса, 2028 жылдан бастап жылына 3 рет зымыран ұшыру көзделіп отыр. Осылайша Қазақстан өз зымыранын ғарышқа ұшырмақ. Бұл жаңа дәуірге жол ашпақ.
Қазіргі цифрланған кезеңде спутникке деген сұраныс өте жоғары. Мәселен, 1 спутникті ғарышқа шығару 50-60 млн. доллар тұрады. Яғни 25-30 млрд теңге. Ал оны ғарышқа тасымалдаумен санаулы елдер ғана айналысады. Осы ретте, еліміздегі «Бәйтерек» кешенінің мүмкіндігі зор. Әсіресе, ол отандық ғылымның дамуы мен бюджет қазынасын толтыруға ерекше ықпал етеді",-дейді Керімбек.
Депутат "Байқоңыр" ғарыш айлағын тиімді пайдалану және дамыту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне келесі мәселелерді шешуді ұсынды.
Бірінші. Бүгінгі күні "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені объектілерінде 150 адам жұмыс жасайды. Ондағы қызметкерлердің жалақысы өте төмен, бұл білікті мамандардың кетуіне әкелуде және кадрлар тапшылығын тудыруда.
Сонымен қатар, 2025 жылдың желтоқсанынан кейін "Союз-5" зымыран тасығышын дайындау және ұшыру бойынша қосымша 155 инженер маманқажет. Ондаған жылдар мен млрдтаған қаражат жұмысалған бұл жобаның одан әрі іске асуы үшін бюджеттік бағдарлама шеңберінде 590 млн. теңге қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.
Екіншіден.Ішкі істер министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп, "Байқоңыр" ғарыш айлағының объектілеріндегі Қазақстан Республикасының меншігіндегі көлік құралдарына техникалық паспорт беру, тіркеу жұмыстарын реттеу қажет.
Үшіншіден, 2025 жылдың өзінде жұлдызды қалашыққа 20 мыңға жуық турист келеді деп болжанып отыр. Жақын және алыс шетелден келген туристердің легі көп. Бұл бізді қуантады. Сонымен қатар биыл Қызылорда қаласында жаңа әуежай іске қосылды. Астана мен Алматыдан күніне 2-3 рейс қатынап тұр. Батыс Европа-Батыс Қытай жолы Байқоңырға көлікпен келушілерге де мол мүмкіндік туғызуда. Осы ретте біз киелі Түркістанға, көне Тараз бен Отырарға, көрші Өзбекстанның Самарқан, Бұқара және Ташкент қалаларына келетін туристерге Байқоңырды жеке туристік өнім ретінде ұсынуымыз тиіс.
Үкімет осы ұсынысты назарға алып, "Байқоңыр" кешенінде туризмді дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды жалғастыруы қажет.
Төртінші.Кадрларды даярлау мәселесін толығымен қайта қарау қажет. Аэроғарыш саласында кез-келген жобаның орындалуы 90% ғылыми және техникалық кадрлармен қамтамасыз етілуіне байланысты. Жобаларды іске асырудың ұзақ мерзімдері, қымбаттауы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және кейбір жобаларды іске асыруды тоқтата тұру кадрлардың басқа салаға ауысуына, шет елдерге жаппай кетуіне әкелуде.
Осыған байланысты, аэроғарыш саласын кадрлармен қамтамасыз ету, мектеп жасынан бастап даярлау мен іріктеудің жеке және дәйекті жүйесі арқылы мамандардың сабақтастығын қалыптастыру бүгінгі күн талабы.
Ғарыш саласында кадрларды дайындау ұзақ мерзімді талап етеді.
Осыған орай, арнайы кадрлық резервті қалыптастыру, оның ішінде дарынды жастарға жоғары оқу орындарында гранттар бөлу, студенттер үшін практикалық алаң беру, арнайы стипендиялар тағайындау, әлеуметтік қолдау шаралары арқылы болашақ ғарышкер - ғалымдарды тәрбиелеуді қолға алған жөн.
Үшінші космонавт Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшқанына 10 жыл өтті. Байқоңыр ғарыш айлағы бар еліміз, одан бері бірде-бір космонавты ғарышқа ұшырмады. Келесі космонавтымыз кім болмақ? Ал алдағы 5-6 жылда төртінші қазақ ғарышқа сапар шегуі мүмкін бе?!
Осыған байланысты, қазірден өзіміздің ғарышкерлерді дайындайтын арнайы бағдарлама әзілеуді ұсынды.