Қарағанды облысында «Жаппай кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жаңа жоба қолға алынды. Бұл - әртүрлі жастағы жеткіншектерге арналған бастама. Осының аясында түрлі іс-шаралар өтеді. Игі іс жөнінде толығырақ келесі сюжетте.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде прогрессивті ұлтқа айналу үшін кітапты бала кезден бастап оқуға дағдылану қажеттігін атап өткен еді. Сондықтан Қарағанды облысында «Жаппай кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жаңа жоба қолға алынды. Бұл туралы өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтып, сүйіншілетті.
ЕРМАҒАНБЕТ БӨЛЕКПАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Осы орайда ата-аналардың, мұғалімдердің және бүкіл халықтың қолдауы ерекше маңызды. Оқу әдетін қалыптастыру тек мектептердің ғана емес, барлығымыздың міндетіміз. Кітап-саналы ойлаудың негізі. Бұл бір реттік науқан емес, тұрақты салтымыздың бастауы болады деген сенім мол.
«Жаппай кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған бастама балалардың сыни ойлауын, ой-өрісін және зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қоспақ.
ЯНА МАЗУРЕНКО, «AZATTYQ RUHY» ЖУРНАЛИСІ:
Бұл -әртүрлі жастағы жеткіншектерге арналған іс-шаралар сериясы. Олардың қатарында оқушыларға арналған оқу байқаулары, студенттерге арналған пікірталастар, мұғалімдерге арналған интеллектуалды квиздар, ұрпақтар сабақтастығына арналған отбасылық форматтар бар.
Игі бастаманың аясында өңірде іс-шаралар желісі басталып кеткен. Мәселен, «Кітаппен кемел болашаққа» атты фестваль Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Ұлттық кітап күніне арналды. Абайдың өлеңдері, қарымды қара сөздері жазылған кітаптар ел назарына ұсынылды. Ауылдағы кітапханаларды қолдау мақсатында тұрғындар өз кітаптарын арнайы мамандарға өткізіп, аз да болса үлес қосты.
СЕРІК ХАМЗЕҰЛЫ, САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жеке меншікте 1500 кітабым бар. Бүгінгі көрмеге Абай жайлы 50 кітап ала келдім. Кітап күніне барлық азаматтар араласуы керек. Кітап білім көзі, адамгершілік көзі, кітап -мәдениет. Сол адамның жанында болуы керек деп ойлаймын.
Кітап оқудың пайдасы мен мәдениеті насихатталатын мұндай шаралар тұрғындарды қуантпай қоймады. Бұл – сананың кемелденіп, жастардың жетілуіне үлкен септігін тигізеді дейді тұрғындар.
БЛИЦ:
- Қазір көптеген жарыстар өтіп жатыр. Жобалар қажет деп ойлаймын.
- Қазір кітап оқуды насихаттайтын көп жобалар ашылып жатыр. Мен кітап оқуды дұрыс деп санаймын. Қазіргі жастар көбіне мәліметті интернеттен қарайды. Кітап оқыған өзімізге жақсы.
Кітап-саналы ойлаудың негізі. Бұл - бір реттік науқан емес, тұрақты салтымыздың бастауы.