$518.34 €591.06 ₽6.27
×

Қазақстанда жалған тауарлардың жарнамасы мен сатылымына шектеу қойылмақ

AstanaTV
24.04.2025ж. 09:01
27
Қазақстанда жалған тауарлардың жарнамасы мен сатылымына шектеу қойылмақ

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстанның мемлекеттік органдары енді тауар таңбаларын заңсыз пайдаланатын өнімдерді жарнамалау мен сату ісін құқық иелерінің ресми шағымынсыз-ақ шектеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.

Зияткерлік меншік туралы заңдарға енгізілетін өзгерістерді мәжілісте талқылау кезінде депутат Қарақат Әбден бренд репликаларының кеңінен таралып жатқанын атап өтті.

“Әлеуметтік желілерде, әсіресе, Instagram платформасында бренд өнімдерінің көшірмелерін жарнамалау жиі кездеседі. Сатушылар жарнамада әйгілі брендтердің атауларын ашық қолданып, “ресми дүкендерден сатып алғаннан гөрі бізден алғаныңыз арзан түседі, миллиондап үнемдейсіз” деп көрсетеді. Сонымен қатар контрафакт өнімдердің сатылымы тіркеліп жатыр. Сауда орындарында брендтік тауарлардың көшірмелері жиі кездеседі”, – деді Әбден.

Депутат министрліктің мұндай дүкендерге қатысты қандай шаралар қолданып жатқанын сұрады.

Министр Ерлан Сәрсенбаевтың айтуынша, мұндай өнімдерді құқық иесінің келісімінсіз жарнамалау мен сату – зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына әкеп соғады. Қазір тек құқық иелерінің шағымынан кейін ғана тексерулер жүргізіледі. Былтыр елде тауар таңбаларын заңсыз пайдаланудың шамамен 300 жағдайы тіркелген.

“Маркетплейстер мен өзге де интернет-платформаларға келсек, бұл – өте өзекті мәселе. Қазір осы бағытта тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеліп жатыр. Мақсат – құқық иелерінің келісімінсіз мұндай өнімдерді жарнамалауға және сатуға жол бермеу”, – деді Сәрсембаев.

Заң жобасының екінші оқылымына дайындық барысында министрлік қылмыстық заңнамадағы кейбір баптарды қайта қарауды жоспарлап отыр.

“Зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі заң жобасында таңбаларды тауар белгілері ретінде сараптау мен тіркеуді жеделдету нормасы қарастырылған. Алдын ала сараптама жүргізу мерзімін өтініш берілген күннен бастап бір айдан 10 жұмыс күніне дейін, ал толық сараптама жүргізу мерзімін жеті айдан үш айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл дамушы брендті пайдаланудан пайда табатын үшінші тұлғалар тарапының жосықсыз іс-қимылдарын алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдерді дараландыру құралдары мен өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша мамандандыру енгізіледі. Оның болмауы қазір зияткерлік меншіктің жекелеген салаларында, әсіресе техникалық күрделі салаларда сараптамалардың шектелуіне әкеледі”, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Ерлан Сәрсембаев түзетулер тауар белгілерін тіркеуден бас тарту негіздерін де нақтылайтынын атап өтті.

“Мысалы, 1883 жылғы 20 наурыздағы өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына сәйкес, Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі одақ елдерінің туларының, елтаңбаларының және эмблемаларының жеке элементтерін қамтитын белгілер тауар белгісі ретінде тіркелмейді. Сондай-ақ формальды сараптама сатысында өнертабысқа патент беруден бас тарту мүмкіндігін белгілейтін жеке ереже де қарастырылған”, – деді әділет министрі.