Түркістан облысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған блогер Мұрат Әбділда сот шешімімен қайтадан қамауға алынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық соттың мәліметінше, 24 сәуірде Түркістан қаласының ауданаралық соты Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымын қанағаттандырып, Әбділданың жазасының өтелмеген 2 жыл 11 күнін қайтадан бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруға шешім қабылдады.
Мұрат Әбділда бұған дейін, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша — әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты қоздыру және азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 ай мерзімге сотталған болатын.
2024 жылы сот шешімімен ол ҚК 72-бабына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, қалған жазасын пробациялық бақылаумен өтеуге мүмкіндік алған еді. Алайда Түркістан облысы Полиция департаментінің Сауран аудандық бөлімінің деректеріне сәйкес, Әбділда босап шыққаннан кейін бірнеше рет бақылау шарттарын бұзған.
Атап айтқанда, блогер қоғамдық орындарды ластағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-2-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Бұдан бөлек, 2025 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында ол бес рет тіркеуге келмеген және төрт рет түнгі уақытта өз тұрғылықты мекенжайында болмаған.
Сот процесінде Мұрат Әбділда өз кінәсін ішінара мойындап, соттан тағы бір мүмкіндік беруін сұраған. Алайда сот оның тәртіпті бірнеше рет бұзғанын ескере отырып, прокуратура мен полиция ұсынысын қолдап, шартты босатудың күшін жойды. Қаулыға сәйкес, ол сот залында бірден қамауға алынды.