Қарағанды облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері 34 жастағы қала тұрғынын қылмыс үстінде қолға түсірді. Ол 4,4 грамм гашишті сатып жатқан кезде ұсталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қозғалған қылмыстық іс аясында күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізілді. Нәтижесінде, 144 грамнан астам марихуана, 134,2 грамм гашиш, SIM-карталары бар 11 телефон тәркіленді. Бұл деректер оның есірткі саудасымен жүйелі түрде айналысқанын айғақтайды.
Алайда ең алаңдатарлық жайт – тінту барысында екі тапанша мен газды және пневматикалық қаруға арналған оқ-дәрілердің табылуы. Қазіргі уақытта бұл қарулардың атуға жарамдылығы сараптама арқылы анықталуда.
Бұл жағдай – есірткі бизнесінің қоғам үшін әлі де үлкен қауіп төндіріп отырғанының айқын дәлелі. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлердің алдын алу мақсатында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Тергеу амалдары жалғасуда.