$517.16 €588.48 ₽6.23
×

"Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да",- Қ. Тоқаев

24.04.2025ж. 20:00
64
"Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да",- Қ. Тоқаев

«Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Бұл – нағыз әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында осылай деді. Бүгінде Ассамблея еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Мемлекет басшысы бірегей ұйымның жетістіктерін саралап, алдағы жоспарларын айқындап берді.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл. Дәл осындай ұранмен Қазақстан халқы Ассамблеясы XXXIV сессиясының пленарлық отырысы өтті. Тәуелсіздік сарайында ине шаншар жер жоқ. Сессия жұмысына 1600-ден астам адам қатысты. Президент атап өткендей, бүгінгі басқосудың тарихи мәні ерекше. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Әуелі консультативті-кеңесші орган болып құрылған Ассамблея аз уақыт ішінде конституциялық статусқа ие болды.


Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Ұйымды құру туралы бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Ал Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті диалог орнатуға ықпал етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр.


Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру.

НӘЗИПА ШАНАИ, ҚХА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім беру мен тәрбие ісі әрдайым қатар жүру керек. Бұл бағыттағы жұмысты тек қана білім мекемелерінің мойнына іліп қоюға болмайды. Мектеп, ата-ана, оқушы үштігінің бірлігі ғана оң нәтиже береді. Осы бағытты нығайту мақсатында Аналар кеңесінің біріктіруші рөлі орасан.


Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде де шет қалмай, зардап шеккен жандарға көмек қолын созды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат.


Президент бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды. Алдымен «Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек» деді. Халық тығыз қоныстанған Алматы облысының Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов аудандарында жаңа Достық үйін салу қажеттігін айтты. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы орган басшылары мен әкімдерге Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

АЛИШЕР САТВАЛДИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, ҚХА ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Ұлтаралық қатынастар бүгінгі таңда жаһандық саясаттың жүйелі факторына айналды. Біз мұндай үдерістерге өркениетті жауап беріп, "Заң мен тәртіп" қағидаттарын берік ұстанып, саяси араңдатуларға жол бермеуіміз қажет. Өйткені біз біртұтас халықтың бөлшегіміз.


Адамзатты бірлікке бастайтын өнер саласы да назардан тыс қалмады. Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Мемлекет басшысы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда этностардың театр өнері фестивалін өткізуді ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері – Қазақстан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда ұйымдастыру маңызды.


Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала бермек. Мемлекетаралық қақтығыстар мен сауда соғыстары жайлаған қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскені сөзсіз.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз түрлі мемлекеттер мен аймақтардың арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, өркениетті диалогты дамытуға дәнекер болу үшін көп күш жұмсап келеді. 20 жылдан аса уақыттан бері барлық негізгі конфессиялардың өкілдері әр үш жыл сайын Қазақстанда бас қосады. Биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIIІ съезін өткізу жоспарланып отыр.


500 көшеге бұған дейін ерлігі елеусіз қалған ардагерлердің есімі берілетін болды. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам-деді Президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз.


Президент сондай-ақ Қазақстанның көрші мемлекеттермен достықты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді. "Ал қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек" деді. Жиын соңында халықтар арасындағы бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Сессия отырысының аясында шағын көрме ұйымдастырылды. Мұнда түрлі этностардың ұлттық киімдері назарға ұсынылған. Бүгінде Қазақстанда 124 этнос өкілдері өмір сүреді. Қазақстан сияқты полиэтникалық мемлекет үшін жалпыұлттық бірлікті дәріптеп, қоғамдық келісімді нығайту аса маңызды. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің негізгі мақсатына қол жеткізді деп нық сеніммен айтуға болады.