$517.16 €588.48 ₽6.23
×

"Әкем - нигериялық, анам - поляк, мен - қазақпын!", - Д. Джеймс

24.04.2025ж. 20:00
162
"Әкем - нигериялық, анам - поляк, мен - қазақпын!", - Д. Джеймс

Ассамблея - ұлт пен ұлысты ұйыстырған ұйымға айналды. Бүгінде оның құрамында 4 мыңнан астам бірлестік пен кеңестер бар. Олар сан түрлі этнос мүшелерінің құқығын қорғап, мәдениетінің дамуына үлес қосуда.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы – тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі. Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мемлекет басымдық берген стратегияның бірі. Ассамблея 30 жылда түрлі ұлт пен ұлыстың құқығын қорғап, олардың мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға үлкен үлес қосты.

ТИМУР ДЖУМУРБАЕВ, "АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ" РҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшысы өзекті мәселелер көтерді. Соның ішінде, ассамблеяның жұмыс аясын кеңейту, жаңа достық үйлерін ашуды атап айтуға болады. Бұның барлығы этносаралық қарым-қатынас Үкімет пен Президенттің қатаң бақылауында екенін айғақтайды.


Бүгінде ұйымның мүшелері сан салада сапалы жұмыс істеп, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Парламентте де 30-ға жуық депутат жемісті қызмет атқарып жатыр.

НУРИЯ НИЯЗОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ассамблея бұл - сіз, ассамблея - мен. Біздің балаларымыз, жақындарымыз, көршілеріміз. Бұл Қазақстанның әрбір азаматы. 30 жыл біз бір шаңырақтың астында береке-бірлігіміз бекем боп, бір-бірімізге қолдау білдіріп өміріп сүріп келеміз.  


МАКСИМ РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Біз қазір Парламентте "Бір ел - Бір мүдде" деген депутаттық топ құрғанбыз. Халықаралық қатынасқа, этносаралық қатынасқа, біздің этностардың өз еліндегі туыстарымен қатынасына қатысты, қандай да бір әсер ететін заң нормалары болса, міндетті түрде біздің депутаттық топ сол заң нормасына араласады. Ассамблеяның осындай конституциялық мүмкіндігі басқа ешқандай елде жоқ.


130-дан астам ұлт пен ұлыс бір тудың астына жиналып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарды. Бірлігі бекіді.  

ЭЛГУН ДЖАНАЛИЕВ, «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» РҚБ БҚО ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ел бірлігін сақтауды мақсат еткен үлкен команданың мүшесі болғаныма қуанамын. Әрі мақтан тұтамын.  Бірлік жоқ жерде - тірлік жоқ. Көркею, даму да жоқ. Біздің мақсатымыз осы тұрақтылықты сақтап, достықты нығайту.


Даниель Джеймс өзін афроқазақ деп атайды. Әкесі - нигериялық, ал анасы поляк. Алматыда туып өскен ол қазір қазақ тілін насихаттап, өзге ұлт өкілдеріне үйретіп жүр. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев оны Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттады.

ДАНИЕЛЬ ДЖЕЙМС ДАНЛАДИ-БВАЙ, ҚХА МҮШЕСІ, ҚАЗАҚ ТІЛІН НАСИХАТТАУШЫ:

Тағдырдың өзі табыстырған әйелім - қазақ.  Мен алматылық болсам да қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтын едім. Әйеліммен танысқаннан кейін мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығым оянды. Қазақ тілінің, мәдениетінің ауқымы кең екеніне көзім жетті. Қазақстанда туып, өсіп жолым болды. Көптеген ұлт пен этнос бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Бұған ассамблеяның қосқан үлесі көп.


1995 жылы құрылып, түрлі ұлт пен этностың ұйтқысына айналған ұйым елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің басты кепілі ретінде қызмет етіп келеді.