Түркістан облысы Тұрбат елдімекенінде 600-ден аса оқушы 150 орындық ғимаратта оқып жатыр. Оның өзі кезінде асарлатып салынған ескі мектеп. Мұғалімдер бөлмесі мен әдістемелік кабинет те, медбике отыратын жер де дәрісханаға айналған.
Жаңатірлік орта мектебінің кітапханасы да сынып бөлмесіне айналған. Мұнда бастауыштың балалары екі аусымда сабақ өтеді. Өйткені басы артық бөлме жоқ. Шағын ғана бөлмелерге интерактивті тақта ілмек тұрмақ , кәдімгі тақтаның өзін әрең сыйғызып отырмыз,- дейді мұғалімдер.
ФАЙЗУЛЛА МОМБИЕВ, ЖАҢАТІРЛІК МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Бұл мұғалімдер бөлмесі болған шағын ғана. Осы жердің өзіне оқушыларымызды сыймағандықтан әкеліп оқытып отырмыз. Бұл жерді қараңыздар, терезесі ашылмайды. Ауа тарлық етеді. Бұл жерде егерде бір сыныптың өзі немесе бір мұғалім үш-төрт сабақ өтетін болса, әрине ол қиындау.
Бала оқып жатыр деген аты болмаса, қос қабатты ғимарат қазіргі талапқа мүлдем сай келмейді. Пән кабинеттері жабдықталмаған .Үйірмелер өтетін бөлме мүлдем жоқ. Тіпті компьютерлердің өзін бір бұрышқа жинап қоюға тура келген.
МАРЖАН БАЙЫМБЕТОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Кабинет жетіспеушілігіне байланысты компьютерлердің барлығын жинап, шкафқа салып қойғанбыз. Информатик мұғалімдер сабақ барысында ноутбуктарды арқалап, сол сыныптарға барып сабақ өтеді.
АЯЖАН РАХЫМБЕРДІ, ОҚУШЫ:
Мысалы біз физика, математика сондай пәндерге қосымша барғымыз келеді. Бірақ бізде ондайлар жоқ. ДШ-ға киінетін жер жоқ. Сыныпта киінеміз.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Жаңатірлік мектебінде шеберхана, АКТ залы тұрмақ асхана да жоқ. Бастауыштың балаларына бір мезгіл ыстық тамақ ішкізу үшін мұғалімдер жолдың қарсы бетіне күнделікті алып өтуге мәжбүр екен. Мына асхананы кәсіпкер жалға алып отыр.
Білім бөлімі сыймаған оқушыларды басқа мектепке тасымалдап оқыту жөнінде ұсыныс білдірген. Бірақ онда оқуға ұстаздар ғана емес, ата-аналар да үзілді-кесілді қарсы болыпты. Ал жауаптылар мәселе жуық арада шешілмейді деп отыр.
ӘЛЖАН БАЙҒАРАЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Дәл қазір бұл мектепке құрылыс салу жоспарда жоқ. Алдағы уақытта жоспарға енгізетін боламыз. аудандағы апатты, үш аусымды мектептеріміздің мәселесін толық шешіп болғаннан кейін, осы мектепке көшеміз.
Айта кетейік, қазір ауданда 1 апатты, 2 үш ауысымды мектеп бар.