Полицияға Қостанай қаласындағы сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат қойылды деген ақпарат келіп түскен. Алайда хабарлама жалған болып шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға орнына дереу жеткен арнайы қызмет өкілдері ғимарат пен оның аумағын мұқият тексеріп, ешқандай жарылғыш зат таппады.
Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қоңырау жасаған адамның жеке басын анықтап, ол қала мектептерінің бірінде оқитын кәмелетке толмаған жасөспірім екенін анықтады.
Жасөспірім заңды өкілінің қатысуымен бұл әрекетті бұзақылық ниетпен жасағанын мойындады. Айтуынша, ол мұндай әрекеттің салдары туралы білмеген.
Қазіргі уақытта балаға қатысты ата-анасының, мектеп психологы мен әлеуметтік педагогтың қатысуымен профилактикалық және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар баланың анасы кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.