БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сотында адвокат Тимур Әйтиевке қатысты үкім шықты.
Бірақ, бұл істі адвокат танысының көмегімен жүзеге асырған. Кейін екеуінің қарасора өсіруге шамалары жетпеген соң тағы 2 адамды өздеріне тартқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сот кабинетінен алынған мәліметке қарағанда, оған ҚР ҚК 296-бабы (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу), 297-бабы (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу), 300-бабы (құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) және 287-бабы (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша айып тағылды.
Сот талқысында Т.Әйтиев танысы М.Бекқалиевпен бірге тыйым салынған каннабисті (қарасора) өсіріп, аса ірі көлемде марихуана алуға келіскен. Тауардың бір бөлігін сатып, ішінара өздері тұтынбақ болған. Олар Орал қаласының шетінен, Деркөл кентінен елеусіз жеке үй сатып алған. Сыбайласы қарасора өсіру үшін не қажет екенін зерттеп, керекті құралдар мен материалдардың тізімін жасаған. Бұған екеуінің күші жетпейтінін түсініп, жұмысқа Б.Қуанышқалиев пен А.Аймағамбетовті тартқан.
"2021 жылы олар үйді арнайы жабдықтап, интернет арқылы тұқым мен тыңайтқыш сатып алған. Сол жылдың қыркүйегінде каннабис өсіру басталып, марихуана алынған. Сонымен қатар, заңсыз жолмен қару мен оқ-дәрі де иемденген. 2022 жылдың қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қылмыстық топты ұстады. Тінту кезінде 96 түп қарасора, марихуана салынған сөмкелер, гашиш және аңшы мылтығы табылды", - делінген сот хабарламасында.
Әйтиев прокурормен процессуалдық келісімге келіп, өз кінәсін мойындады. Осылайша, ол Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесілді.
Қалған топ мүшелері бұдан бұрын түрлі мерзімге сотталған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.