$515.03 €584.82 ₽6.24
×

Жұмыстың шынайы нәтижесі болуы керек-«AMANAT» партиясы

AstanaTV
25.04.2025ж. 14:10
212
Жұмыстың шынайы нәтижесі болуы керек-«AMANAT» партиясы

Алматы қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының Саяси кеңесі Бюросы мен мәслихаттағы депутаттық фракцияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға партия мүшелерімен қатар, қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және қалалық басқармалардың жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында партияның 2023–2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған Жол картасының орындалу барысы және 2025 жылға арналған жұмыс жоспарлары қаралды. Партияның қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров отырысты ашып, партия бастамаларының күнделікті өмірде нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті.

«Біздің мақсат – жай ғана жоспар құрып, есеп беру емес. Ең маңыздысы – тұрғындар осы жұмыстың шынайы нәтижесін күн сайын сезінуі керек. Ол үшін нақты іске көшіп, халықпен байланыс орнату және депутаттардың жеке жауапкершілігін арттыру маңызды», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.


Сонымен қатар, Жол картасы аясында басқарлмалар есебі тыңдалды. Олар Жол картасының түрлі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, алда тұрған міндеттерге тоқталды.

Отырыс барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Депутат Бекбол Рамазан жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастар практикасы» бағдарламасын жетілдіру қажеттігін көтерді. Игорь Проценко өзен арналарының реконструкциясы мен «Сайран» көлінің маңын абаттандыру жұмыстары туралы айтты. Бақытбек Жұмабаев қаладағы медициналық мекемелер құрылысы мен жаңғырту шараларына назар аударды. Ал Алтынай Кобеева әлеуметтік осал топтарға арналған «Әлеуметтік карта» жобасын кеңейту мәселесін көтерді.

Кеңейтілген отырыс нәтижесінде Жол картасының әр бағытына жауапты депутаттар қайта бекітілді. Сондай-ақ фракцияның 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысының нәтижелері ұсынылды.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, нақты бастамалар арқылы өмір сапасын арттыру бағытында жұмысын жалғастырады.