Трамп Boeing компаниясын Қытайға қарсы қойды. Аспан асты елі американдық компания ұшақтарын сатып алуды доғарса, дефолт жариялауға тура келетінін айтты. Осылайша Ақ үй басшысы әбден тығырыққа тірелді. Президент болып сайланғалы бері Ресей мен Украинаны бітімге келтіремін деп жүрген ол Путинге кезекті рет үндеу жасады. Бірақ Ресей басшысы да шегінер емес. Әлемдегі ең өзекті жаңалықтарды Мөлдір Жақан баяндайды.
Қайырлы кеш! Эфирде "Жер-жаһан" айдары!
«Владимир, тоқтат! Әр апта сайын 5 мың сарбаз қаза табады. Бейбітшілік келісімін жасайық». Дональд Трамп Ресейдің Киевке жасаған жойқын шабуылынан кейін осындай мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейдің әрекетін қатаң сынға алды. Екі елді татуластырамын деп жүрген Трамптың сабыры сарқылды. Енді оның орнын Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирилу Рамафосе басуға ниетті. Бұған дейін Зеленский алғаш рет Оңтүстік Африка Республикасына жұмыс сапарымен барған еді. Тараптар келісімге келудің бейбіт жолдарын талқылады.
СИРИЛ РАМАФОСА, ОҢТҮСТІК АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен Трамппен Украинада бейбітшілік орнату мәселесі жөнінде телефон арқылы сөйлестім. Екеуміз де соғысты тез арада тоқтату керек деген пікірге келдік. Дәл осы тақырыпта Путинмен де тілдестім. Жанжалды бейбіт жолмен шешуге бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.
Сасыған үйрек артымен жүзеді дегендей, Трамп Қытайдың әрекеттеріне қалай жауап берерін білмей, Boeing компаниясын аспан асты еліне қарсы қойды. Бұған дейін Қытай 145%-дық баж салығына жауап ретінде жаңа Boeing ұшақтарын қабылдауды және американдық авиациялық компоненттерді сатып алуды тоқтататынын жеткізген еді. АҚШ Президенті өз міндеттемелерін орындамағаны үшін Қытайға дефолт жариялауға шақырды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Boeing компаниясы Қытай сатып алуға уәде берген ұшақтарды қабылдамағаны үшін дефолт жариялауы керек. Бұл Қытайдың АҚШ-пен жылдар бойы не істегенінің шағын ғана мысалы... Айтпақшы, фентанил біздің елге Қытайдан Мексика және Канада арқылы келіп, жүздеген мың адамымызды өлтіріп жатыр. Мұны тез арада тоқтатқан дұрыс!
Табиғаттың тосын мінезі Ыстанбұл жұртын біраз әуреге салды. Жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 150-ден асты. 50 мыңнан астам адам қаза болды. Қатты қорқып қалған Өзбекстан азаматы жүрек ақауынан қайтыс болды деген ақпарат бар. Сейсмологтар арқаны кеңге салуға болмайтынын айтып жатыр. Мамандардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта өңірде қуаты 7 баллдан асатын жер сілкінісі болмақ. Күшті жер дүмпулері тек Ыстанбұл емес, іргелес жатқан 4-5 провинцияға да әсер етуі мүмкін.
Құрметті көрермен, мендегі ақпарат осы. Аман-сау болыңыздар!