$515.03 €584.82 ₽6.24
×

Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличный ауылында эвакуация жарияланды

25.04.2025ж. 20:00
108
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличный ауылында эвакуация жарияланды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличный ауылында эвакуация жарияланды. Петропавл қаласының төңірегінде Есіл өзені тасып, қауіпті деңгейге дейін жеткен. Тіпті дамбаның өзі тасқынға шыдас бермеуі мүмкін.  

Петропавлдың шетінде тұрған Тепличный кентінде араға бір жыл салып, тағы қарбалас басталды. Есіл өзені күрт көтеріліп, қауіп сағат сайын дендеп барады. Бүгін сағат күндізгі үште жергілікті билік шұғыл түрде эвакуация жариялады. Ал абыржып қалған жұрт не істерін білмей дал.

ҰМСЫНДЫҚ ЖАНТІЛЕУОВА, ТЕПЛИЧНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр ремонт істедік. Бәрін өз ақшамызға, туыстар көмектесті. Енді бәрін тастап, бізге кет дейді. Қайда барамыз біз?


ЗОЯ БАРАБАНОВА, ТЕПЛИЧНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтырғы тасқыннан кейін үйімізді қалпына келтіру үшін несие алып, шығынға баттық. Бізге неге әу баста көшіңдер деп айтпады. Тасқын болмайды, қауіп жоқ деген сөздеріне сеніп келдік.


Есіл өзенінде су деңгейі жаңадан салынған дамбаға жетіп қалған. Қазір құзырлы органдар құм салынған қаппен күшейтуде. Бөгеттің маңайында 1400-ге жуық адам жұмыс істеуде.

ВЛАДИМИР ХУТИНАЕВ, СҚО ТЖД ШҰҒЫЛ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ЖОСПАРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір біз тұрғындар арасында ескерту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қажет болған жағдайда, заттарды тасымалдауға қол ұшымызды созамыз. Алайда, су бөгеттің үстімен ағатын болса, бұқара еріксіз түрде көшірілетін болады.


Аталған 5 шақырымдық дамбаның құрылысы былтыр басталған. Бюджеттен жарты миллиард теңге бөлінді. Бөгеттің басы қасында жүрген әкім-қаралар жанын шүберекке түйіп отыр. Себебі, дамба тым аласа болып қалған көрінеді.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:


Бөгетті смета бойынша жасадық. Бөгет толықтай біткен жоқ. Ол әлі деңгейін көтеру бойынша жұмыстар атқарылды. Енді қазір біз бөгетімізде қосымша жұмыстар жасап, нығайтудамыз.


Қызылжарлықтарды әбігерге салған тасқынның үшінші толқыны әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Есілдің деңгейі әлі 2-3 күндей ұлғаймақ. Ал бұқара қазір қаланып жатқан балшықты қаптар дамбасына күмәнмен қарап отыр.