Жамбылда екі ауылдың жұрты 10 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр. Жайылма мен Маятас тұрғындары бір құдыққа телмірумен өміріміз өтіп жатыр дейді. Бір-екі сағатқа ғана ағатын тіршілік нәріне бір күн бұрын келіп кезекке тұратын көрінеді. 3 мыңнан аса тұрғыны бар елдімекендердің мәселесі қашан шешіледі? Тілшіміз айтады.
Жайылма ауылының жұрты күнде осылай ауыз суға кезекке тұрады. Кейде кезек келмей жатып, су тоқтап қалатын көрінеді. Үлгермегендері үй-үйді аралап, көрші жағалап суды сұрап аламыз дейді. Орталықтандырылған су желісі бұл елдімекенге кеңес кезінде тартылған. Алайда шіріген құбырларға 2008 жылы толықтай жөндеу жүргізілген. Оның да тозығы жетіп 50-60 пайызға ескіріпті. Қос ауылға ортақ су мұнарасы қойылған, бірақ бір-екі сағатқа ғана берілетін тіршілік нәрінің таза еместігін айтады тұрғындар. Сапасына сан мәрте шағым айтсақта елеп жатқан ешкім жоқ дейді.
ОРАЗКҮЛ ҚОСАУОВА, ЖАЙЫЛМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Түрі кейде сарғайып кетеді. Өйткені бұрын трубалар бұрын баяғыда жүрген. Судың ішінен құрт шығады. Судың асты, құртылған шелектің түбі тат болады.
МИРАШ МОЛТАЕВА, ЖАЙЫЛМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Суды ала алмаймыз. Қыстың күні кішкене ағады, алдың жаздың күні ананың астынан шелекпен тартып, біреуміз түсеміз астына . Ішіне түсіп аламыз құдықтың. Үлгерсек үлгердік, үлгермесек қалдық сусыз. Ащы судан ішеміз. Денсаулығымыз кетіп жатыр ащы судан, тұздан.
Мәселені шешу үшін биыл облысқа өтінім берілген. Ол болмаса, аудандық бюджеттен қаражат бөліп, әзірге ұңғыма қазып береміз дейді аудан әкімі.
САКЕН МАМЫТОВ, САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қазір бұл ауыл бір ұңғымадан су ішіп отыр. Өзіміздің жергілікті бюджеттен қаржы қарап, екінші ұңғыма жұмыстарына қаржы қарадық, қазір. Екінші ұңғыма қазу арқылы, екі ауылға екі ұңғымамен су беру жоспарда бар.
Жұрт бұған сенерін де, сенбесін де білмей отыр. Бірақ, оларға су керек.