$512.32 €582.92 ₽6.29
×

"60-70 млн теңге бермесе жер үйімізді сатпаймыз" , - тұрғын

AstanaTV
25.04.2025ж. 20:00
111
"60-70 млн теңге бермесе жер үйімізді сатпаймыз" , - тұрғын

Елордадағы биік ғимараттардың арасынан ескі жер үйлерді көріп пе едіңіз? Онда адамдар амалдың жоқтығынан тұрып жатыр. Үйлері өтпейді, жерлері сатылмайды. Көшерге қаражат, кетпеске төзімі таусылған тұрғындардың жағдайын тілшіміз білді.

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Бұл кіруге тыйым салынған немесе ерекше қорғалған аймақ емес, ар жақта тіршілік бар, адамдар тұрады. Бірақ ауыл деп ойламаңыз, елорданың бір бөлігі. Тұрғындар не көше алмайды, не жерлері сатылмайды. Үйлеріне кіретін жолды түрлі себеппен осындай тастарды қойып жауып тастаған. Және қысы-жазы өздеріне керек суды осылай даладан тасуға мәжбүр.


Адам аяғын әрең алып жүретін бұл жерде Салықбаевтар отбасы ескі үйді қимағаннан емес, жерлері сатылмағаннан отыр. Маңайдағы көп үй әлдеқашан бұзылып, орнына биік ғимарат түскен. Енді қалған бірен-саран отбасы бейнет көріп жүр.

РҮСТЕМ САЛЫҚБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерде халық-ел тұрып жатыр деп ешкім ойламайды. Сносымыз жоқ, әлі келмей жатыр. Алған компанияларды білмейм, банкрот дей ме, ақша жоқ дей ме. Қазір 20 млн, 15 млн-ға ештеңе де ала алмайсың, ремонттай алмайсың. Көршілер бәрі бір ауыздан айтып отырғаны 60-70 млн берсе беріп жібереміз деп отыр.


Үйлерге су кірмеген, құдықтан тасып ішеді. Лай қыласыңдар деп кей жолды жауып, тіпті маңайды қоршап тастапты, жүріп-тұру қиын. Тұрғындардың көшпеске, кетпеске амалы қалмай барады.

ИНДИРА ЕРНАЗАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қыстың күндері вообще бұл жерде қар күрелмей қалады. Ол кездерде 109-ға да шығамыз, ол мәселенің шешілмейтін де кездері болады. Бұл жерде біз 2 семья боп тұрамыз. 2 семьяға мысалы 20-30 млн бізге татымайды. 60 миллион деп отырмыз ғой енді.


Жер үйлер міндетті түрде сатылады. Тұрғындар ұсынылған сомаға келіспеген жағдайда нақты баға сот арқылы анықталады.

НҰРЛЫБЕК СЕЙТЖАПАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ САРАЙШЫҚ АУДАНЫНЫҢ БАС СӘУЛЕТШІСІ:

Егер екі тарап келісе алмаған жағдайда сотқа жүгінеді, сот өзіндік бағасын қойып береді. Ал енді мемлекетке керек болған жағдайда жерлер, жаңағындай дачный участоктер, олардың енді кадастровая стоимость деген бар, кадастрлық құны, сол құнына сәйкес бағаланатын болады, сол құнына сәйкес сатып алынатын болады. Практикада көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатады, тұрғындар енді өзінің кадастрлық құнынан да 2 есе, 3 есе көп сұрап жатқан жағдайлар да болады.


Қымбат жер құрылыс компаниялары үшін тиімсіз. Салдарынан пәтер құны өседі. Алайда олардың ұсынысы жер үйде тұратындардың көңіліне қонбайды. Демек мәселенің жалғыз шешімі - заң. Дей тұра құрылыс үшін маңайды бүлдіріп, жолды зақымдау да заңды әрекет емес.