Жақыныңызды ақтық сапарға шығарып салу үшін қалтаңызда кемінде 1 млн теңге болу тиіс. Себебі, оны жерлейтін жердің өзін сатып алу керек. Соңғы кезде оны бизнеске айналдырып, табыс тауып отырғандар көбейген. Бұл қаншалықты заңды? Тілшіміз анықтауға тырысты.
Қайтыс болған жанды ақтық сапарға шығарып салу да оңай емес. Қара жердің өзі сатылады. Онан кейінгі шығын да жетеді.
АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:
Біз дәл қазір Астанадағы бейіттердің біріндеміз. Бұл жерде шағын 6 квадрат жер уческесі – 100-110 мың шамасында. Егер қабірші жалдайтын болсаңыз олардың құны– 40 мың. Бұл құлпытаспен қоршауды есептемегенде шығатын қаражат.
БЛИЦ:
- Тегін берілуі керек қой, хотяб өлген адамды сыйлау керек шығар.
- Маған бір жағдай болса мен қай жерге барып, ну енді менің баларым қалай? Қайда барып сұрайды? Ақшаны қайдан алады?
- Осыдан бір екі жыл бұрын жерлеуге 300-400 мың кететін, қазір мүлдем қымбат.
Жер кодексінің 109 бабына сәйкес әр тұрғынға 6 шаршы метр жер тегін берілуі тиіс. Зират әкімшілігінің айтуынша, төленетін қаражат қабір қазғанда қойылатын материалға алынады. Егер одан бас тарсаңыз жер тегін.
МЕЙРАМБЕК ҚАБЫЛБЕКҰЛЫ, ҚМБД "QAMQOR-SHARAPAT" САЛТТЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ЗАҢГЕР:
100 -150 мың көлеміндегі ақша қабіршілердің ақшасы және сол жерде материалға кетеді. Мысалға Астананы алатын болсақ, қабірді қазады да айналасына пескоблокпен қоршайды. Қоршамаса себебі жер жұмсақ құлап кетеді ішке қарай. Оның үстіне 4 плита жабылады.
Алайда, зират аумағынан белгілі бір аймақты жекешелендіріп алғандар бар. Сататын солар көрінеді. Кейбір тұрғандар оны білместікпен сатып алып жатады. Тіпті пандемия кезінде кейбір кәсіпорындар жерлеу рәсімін 1 млн теңгеге дейін көтерген. Сенатор Андрей Лукин бұлай жалғаса берсе жақын арада вип молалар пайда болатынын айтып дабыл қақты.
АНДРЕЙ ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Салттық қызметтер нарығын бәсекелестік ортаға беру монополиялау мен қылмыстық әрекеттердің туындауына алып соғады. Бұл жерлеу орындарын сатуға, заңсыз эксгумацияға әкелуі мүмкін. Мұның бәрі азаматтардың құқығын бұзып, құқық қорғаушылардың жұмысына әсер етеді.
Бұл бассыздықтарға тоқтау салу мақсатында заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілмек. Енді қайтыс болған адамға немесе тұрақты мекенжайы жоқ марқұмды жерлеу үшін 6 шаршы метрден кем болмайтын жер телімі тегін беріледі. Ал, діни рәсімдермен байланысты әлеуметтік қызметтердің нарықта лицензиялау механизмдері жоқ болғандықтан, бейіт аумағында көрсетілетін қызметтердің бағасын қызмет көрсетушілер өздері белгілейді.