Teez маркетплейсі аз уақыттың ішінде онлайн-сауда нарығында айтарлықтай орын алды. Былтыр қыркүйек айында іске қосылған қазақстандық қызмет көрсету жүйесі тауарларды еліміздің 30 қаласына жеткізіп береді. Басты ерекшелігі – бір күнде тегін жеткізеді. Бүгін Астанада отандық маркетплейстің кәсіпкерлерге арналған конференциясы өтті. Шараға 400 қатысушы жиналды.
Teez маркетплейсі ең алғашқы тапсырысты былтыр 9 қыркүйекте жөнелткен. Қазір жүйе арқылы күніне 11 мың тапсырыс беріледі. Тұтынушылар көбіне тұрмыстық заттар, электрондық құрал-жабдықтар және азық-түлік таңдайды. Бағдарлама арқылы тек сауда жасап қоймай, табыс табуға да мүмкіндік бар.
ЛИНАР ХУСНУЛЛИН, TEEZ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
Сатушылар тауарды тапсырады, содан кейін жеткізу, сақтау, шығару және тапсырысқа қызмет көрсетуді жүйенің өзі жүзеге асырады. Бұған дейін мұндай қызмет түрін тек шетелдік компаниялар атқаратын. Біз осы модель бойынша жұмысты бастаған алғашқы қазақстандық компаниямыз. Мұның барлығы жылдамдық пен сапаны қамтамасыз ету үшін қолға алынды.
Шараға онлайн сатушы болуды жоспарлаған жандардан, қазір нарықта өз бизнесін дамытып жатқан тәжірибелі сатушыларға дейін жиналды. Жаңа жүйе арқылы кәсіп бастағысы келгендерге бағыт-бағдар берілді. Оқу тегін.
ЖАНЕЛЬ ЖҮНІСОВА, БИЗНЕС-ТРЕНЕР:
Біз ол кісілерге барлық білімді береміз. Ең басынан нөлден бастап тауарды қоймаға жеткізгенге дейін. Карточканы қалай ашу керек. Тауарлар жайлы қандай ақпарат беру керек екені жайлы тауардың өзіндік құнын қалай санау керек, салық жөнінде ең негізгі деген ақпараттың барлығын береміз.
Маркетплейстегі тауарлар Қарағанды қаласындағы орталық қоймада сақталады. Бұл тапсырыстарды дереу жинап, қажетті бағытқа жіберуге мүмкіндік береді. Тауарлар еліміздің алыс өңірлеріне жүйенің серіктес әуе компаниялар арқылы жеткізіледі.
ОЛЕСЯ ЕРЕМИНА, МАРКЕТИНГ ДИРЕКТОРЫ:
Қазір нарықта бәсекелес көп. Біз қазақстандық қызмет көрсету жүйесі болғандықтан, ұлттық тауарларды жеткізумен айналысуды жоспарлап отырмыз. Біздің қосымша арқылы этникалық тауарларды сатып алуға мүмкіндік жасамақшымыз. Бұл қазақстандық қолөнершілер мен өнім өндірушілерге қолдау білдіреміз. Біз отандық өнімді сатуды қолға алмақпыз.
Жүйе нарыққа шыққалы арнайы қосымшасы жұмыс істеуде. Қазір оны 1 жарым миллионнан аса адам жүктеп үлгерді.