Қарағанды тұрғыны Ермек Кәрібаев "ҚазАвтоЖол" компаниясын сотқа бермек. Ер адам Қарағанды мен Астана арасындағы ақылы жолда көлігімен құлап жатқан жарық бағанаға соғылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ермек Кәрібаев автобанда қатты келе жатып, тежеуішті басып үлгермеген. Айтуынша, бағана дұрыс бекітілмегендіктен, жолға құлаған. Ақылы жолдың қауіпсіздігіне "Қазавтожол" ұлттық компаниясы жауапты. Сондықтан Қарағанды тұрғыны адвокат жалдап сотқа жүгінбек.
"Жолға ақы төлегеннен кейін, қауіпсіздік те қамтамасыз етілуі керек қой", – деді Ермек Кәрібаев.
Қатты жел бағананы құлатып, оған бірден екі көлік соғылған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. Алайда Ермек Кәрібаевтің көлігі зақымданып, енді қозғалтқышы мен алдыңғы әйнегін ауыстыруына тура келеді.
"ҚазАвтоЖол" компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахмет бұл жағдайға қатысты оқиға орнына полиция шақырылып, тергеу жүргізіліп жатқанын айтады.
"Жол апаты кезінде полицейлер шақырылды. Азаматтар сотқа жүгініп, сақтандыру компаниясы арқылы өтемақы талап ете алады", – деп түсіндірді Сәкен Ділдахмет.