Қазақстанда 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында "Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында "Жасөспірім" атты жедел-профилактикалық іс-шара өтуде. Іс-шараның басты мақсаты — балалардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іс-шара басталғалы полицияға 13 мыңға жуық жасөспірім жеткізілді. Олардың ішінде 70-тен астам бала қылмыс жасағаны үшін, 9 мыңнан астамы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталды. Сонымен қатар, қараусыз және панасыз жүрген 3 мыңға жуық бала анықталды.
Полиция қызметкерлері түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және көшелерде жүрген 11 мыңнан астам кәмелетке толмаған баланы тауып, ата-аналарына тапсырды. Балаларға алкоголь өнімдерін сату бойынша 148 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Мас күйінде жүрген 229 бала ұсталды.
Іс-шара барысында бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін 1600-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, балаларға қатыгездік көрсеткені үшін 12 ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қоғамға жат мінез-құлық танытқан 600-ден астам жасөспірім және бала тәрбиесімен айналыспаған 500-ден астам ата-ана есепке алынды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында 10 ашық сот отырысы өткізілді. Жасөспірімдерден 50-ге жуық тыйым салынған заттар — екі қару, 39 сұқпалы-кесу құралы және алты есірткі заттары тәркіленді. Сонымен бірге балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 3000-нан астам интернет-ресурс анықталып, олардың 600-ден астамы бұғатталды.
Әкімдіктерге мектептер жанындағы жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша 1300-ден астам нұсқама жолданды. Сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін 200-ден астам ұсыныс жіберілді.
Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.
Құрметті азаматтар! Балалардың бос уақытын өткізуіне ерекше назар аударуды сұраймыз. Оның қайда және кіммен екенін білу қажет. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда дереу '102' нөмірі бойынша полицияға хабарласыңыз. Ішкі істер министрлігі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады, - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов.
Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен басқа да жауапты органдар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстарын жалғастыруда.