Ақтау тұрғындары арасында бұрын педофилизм бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған екі ер адамға іздеу жарияланған мәлімет таратылып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сүйенсек, жергілікті құқық қорғау органдары бұрын педофилияға қатысты қылмыс жасаған, қазіргі уақытта тұрғылықты жерінен белгісіз бағытқа қашып кеткен тұлғаларды іздестіруде.
Сонымен, 1978 жылы туған Өмірзақ Тілеулиев пен 1981 жылы туған Тілек Айбергеновке іздеу жарияланды. Кейін іздеуде жүрген қылмыскерлердің бірі ұсталғаны белгілі болды.
Полицияның мәліметінше, ішкі істер органдары тиісті шаралар қабылдаған.
«Ішкі істер органдарына тұрақты түрде келіп тұруға міндетті жекелеген тұлғалардың белгіленген тәртіпті бұзғаны анықталды. Олардың бірі Атырау облысында ұсталды. Екінші тұлғаға қатысты кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Аталған адамдардың барлығы анықталғаннан кейін оларға ішкі істер органдарында әрбір 10 күн сайын тіркеуден және міндетті белгілеуден өту қажеттілігі туралы заңнаманың талаптары түсіндіріледі, сондай-ақ қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданатын болады», - деп хабарлады Маңғыстау аудандық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Ішкі істер органдары құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған санаттағы тұлғаларға тиісті бақылауды қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.