Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты бірден төрт елдімекенде қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
«Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Тепличное, Заречное, Ольшанка және Большая Малышка ауылдарында тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жұмыстарға барлығы 1087 адам, 126 техника бірлігі жұмылдырылған. Оның ішінде ТЖМ, ПД, жергілікті атқарушы органдар және ТЖМ әскери бөлімдерінің қызметкерлері бар. Тәулік ішінде 4000 қап дайындалып, төселді, ал жалпы саны 110 980 қапқа жетті.
«Сонымен қатар Заречное ауылында тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алу үшін су сору жұмыстары жүргізілуде: бір тәулікте 1500 текше метр, барлығы 79 200 текше метр су сорылды. Бұдан бөлек, Қызылжар ауданының Вагулино және Соколовка ауылдарында да су тасқыны жағдайы бақылануда. Эвакуациялық пункттер дайындалды. Жағдай бақылауда», – деп мәлімдеді ТЖМ өкілдері.