$474.83 €515.38 ₽5.5
×

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің экс-төрағасы 8 жыл жаза арқалады

AstanaTV
29.06.2017ж. 20:00
2900
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің экс-төрағасы 8 жыл жаза арқалады

Бұрынғы бас ветеринар Сақташ Хасенов 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің экс-төрағасы жазасын орта режимдегі колонияда өтейді. Астана қалалық ауданаралық қылмыстық істер бойынша мамандырылған сотында оған қатысты үкім оқылды.

Әділхан Шайхисламов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы:

Сот Хасеновті Қылмыстық кодекстің 366 бабы 3 тармағымен кінәлі деп тауып, 8 жыл жаза тағайындау туралы үкім шығарды. Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айрылсын. Президенттің атына Сақташ Хасеновті барлық мемлекеттік марапаттары мен мерейтойлық медальдарынан айыру туралы ұйғарым хат жолдауға қаулы шығарылды.

Сондай-ақ оның сыбайласы Ауыл шаруашылығы министрлігінің экс-қызметкері Елена Решетько 4 жылға бас бостандығынан айрылды.  Бұған дейін үй қамақта отырған Решетьконың қолына сот залында кісен салынды.

Еске салайық, Сақташ Хасенов 2016 жылдың қарашасында ұсталған еді. Оған 36 миллион теңгеден астам пара алды деген айып тағылған. "
Хасенов Елена Решетькомен бірігіп, қылмыстық жоспар құрған. Осы арқылы Украинадан Қазақстанға ет өнімдерін кіргізуге рұқсат берген. Сол "еңбегі" үшін "Хладоленд" серіктестігі құрылтайшысынан аса ірі көлемде пара алып келген". Бұған дейінгі өткен сот отырысында прокурорлар оқыған айыптау актісінде осындай деректер келтірілген еді. Мемлекеттік айыптаушылар Хасеновке 10 жыл жаза сұраған. Оның қорғаушылары үкіммен келіспейтінін айтады.

Владимир Русин, қорғаушы:

Айып 366 баптың 4-ші тармағынан 3-ші тармағына ауыстырылды, яғни аздап жеңілдетілді, "аса ірі көлемде" деген мөлшер "ірі көлемдеге" ауыстырылды. Бастапқыдағы сома азайтылып, 11 млннан астам деп өзгертілді. Есебімізше, сома одан да аз болуы керек еді. Біз әрі қарай шағымданамыз.