$515.03 €584.82 ₽6.24
×

Сенім мен диалогты нығайту: «AMANAT» партиясы ШЫҰ елдері саяси партияларының форумына қатысты

AstanaTV
28.04.2025ж. 11:53
96
Сенім мен диалогты нығайту: «AMANAT» партиясы ШЫҰ елдері саяси партияларының форумына қатысты

 «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев бастаған Қазақстан Республикасы делегациясы, Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында өткен ШЫҰ елдері саяси партиялары форумына қатысты. Форумның тақырыбы: «Шанхай рухын ілгерілету және ШЫҰ тұрақты дамуына жәрдемдесу: саяси партиялардың міндеттері мен миссиясы».

Форум жұмысына ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчао және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Барлығы 26 елден 60 партияның өкілдері жиналды. Іс-шара аясында екіжақты кездесулер өтіп, партияаралық ынтымақтастық пен мемлекетаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде Ержан Жылқыбаев форумның өту орнының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан үшін достық пейілдегі Қытай дәл осы Шыңжаң арқылы ашылады – көп ғасырлық көрші, стратегиялық серіктес әрі сенімді дос. Ол өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың осы өңірге сапар жасағанын еске салды. Бұл сапарлар Шыңжаңның қазақ-қытай диалогындағы ерекше орнын көрсетеді.

«AMANAT» партиясының Хатшысы ШЫҰ елдері саяси партияларының делегацияларын қарсы ала отырып, аталған кездесу әлемде күрделі геосаяси дағдарыстар болып жатқан жауапты кезеңде ұйымдастырылғанын атап өтті. «Әрбір шиеленістің жаңа толқыны экономикадан бастап гуманитарлық байланыстарға дейін барлық салаларға тікелей әсер етеді», – деді ол. Осы ретте Ержан Жылқыбаев ШЫҰ-ның тұрақтылық пен сенімділіктің маңызды платформасы ретіндегі рөлін күшейтуге шақырды.

Қазақстандық делегация басшысы жаһандық тұрақсыздық жағдайында партияаралық ынтымақтастықтың нығая түсетінін айтты. Мұндай байланыстар саяси көшбасшылар мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттырудың маңызды арнасы саналады.

Ержан Жылқыбаев 2024 жылы Астанада өткен ШЫҰ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөздерін еске салып, ШЫҰ-ның бірегейлігі – барлық қатысушының тең құқығы мен әрқайсының мүддесіне құрметпен қарауда екенін атап өтті. Осы орайда ол саяси партиялардың маңызды міндеті – халықтар арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың алтын көпіріне айналу екенін айтты.

«AMANAT» парламенттегі көшбасшы партия ретінде партияаралық қатынастарды белсенді дамытып келеді. Хатшы өткен жылы Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары барысында Қытай Коммунистік партиясымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғанын еске салды. Бұл құжат екі партия арасындағы байланыстарды нығайтуға, мемлекеттер арасындағы достық және тату көршілік қатынастарды дамытуға, сондай-ақ жан-жақты стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.

Форум аясында Ержан Жылқыбаев Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Чэнь Чжоумен кездесті. Оның барысында тараптар екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси сенімділікті атап өтіп, партияаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Қытай Коммунистік партиясының Бас хатшысы Си Цзиньпиннің басшылығымен Қытай мемлекеті «Қытай ұлтының ұлы жаңғыруы» мақсатына сенімді қадам басатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа кезеңдегі қарым-қатынастарға ерекше назар аударылды. Мемлекеттік сапарлар, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуі, мәдени алмасулар, визасыз режим енгізу, мәдени орталықтардың ашылуы, жаңа теміржол бағыттарының салынуы, сондай-ақ алдағы маусым айында өтетін екінші «Орталық Азия – Қытай» Саммитіне дайындық барысы атап өтілді.


Кездесу соңында Ержан Жылқыбаев форумның Шыңжаңда өтуінің символдық маңызын тағы бір мәрте атап өтіп, бұл өңірдің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асырудағы маңызды рөлін ерекше атады. Ол партияаралық тұрақты байланыстардың арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі нығайып, өзара құрмет пен гүлденуге негізделген ортақ болашақ құрылатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев «Шыңжаң күнделігі» газеті мен «Синьхуа» ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Әңгіме барысында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған стратегиялық реформалар, Қазақстандағы партиялық құрылыс тәжірибесі және екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы баяндады.

Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы Ханчжоу және Үрімші қалаларында бірқатар өндірістік, әлеуметтік және туристік нысандарды аралады.