«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және колледждерді заман талабына сай жаңғырту мәселесі талқыланды. Министрліктер колледждердегі халықаралық стандарттардан бастап, цифрлық кәсіптік бағдарлау платформаларына дейінгі ауқымды өзгерістер ұсынды. Алайда депутаттар мамандықтардың беделі сапалы білім беруден басталатынын еске салады.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «AMANAT» партиясы атқарған ауқымды жұмыс арқылы ТжКБ-ны қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі екі есе артқанын атап өтті. Мәселен, егер 2024-2025 оқу жылында жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі орта есеппен 437 мың теңгені құраса, 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 917 мың теңгеге дейін ұлғайды. Жан басына шаққандағы нормативтің ұлғаюы жеке меншік ұйымдардағы педагогтердің жалақы мөлшерін мемлекеттік деңгейге теңестіруге мүмкіндік береді. Бұл ретте ТжКБ оқытушыларына ғылыми дәрежесі үшін үстемақы белгілеу мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ депутат «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілігіне ие арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне еңбек өтіліне қарай 35%-ға дейін үстемақы белгіленгенін мәлімдеді.
Отырыс барысында бейінді министрліктер мен ведомстволардың өкілдері сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау бойынша қолға алған жүйелі жұмыстарын таныстырды.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан министрлікке колледждерді трансформациялау бойынша тапсырма берілгенін атап өтті. Осы мақсатта 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Онда техникалық және кәсіптік білім беру ісін дамытудың басым бағыттары айқындалды. Олардың қатарында инновациялық менеджмент, білім беру мазмұнын жаңарту, колледждердің бизнеспен синергиясы, цифрландыру, интернационалдандыру және құқықтық базаны жетілдіру бастамалары бар. Сондай-ақ Е. Оспан жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген оқу бағдарламаларын жаңартуға көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы талап негізінде шамамен 8000 оқу бағдарламасы әзірленді. Сонымен қатар ол WorldSkills Kazakhstan Ұлттық құзыреттер орталығын құру, 5 IT орталық пен FabLab-ты іске қосуы, 20 өңірлік кластер құру, дуальді оқыту орталықтары мен ТжКБ-ның цифрлық платформасын ашу және 6 мыңға жуық оқытушының біліктілігін арттыру шаралары туралы айтты.
Жоғары білім беру саласындағы міндеттердің жүзеге асырылу барысы жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова баяндады. Ол Ғылым және жоғары білім министрлігіне еліміздің барлық өңірінде мамандықтардың атлас картасын әзірлеу және енгізу тапсырылғанын атап өтті. Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің картасы 2022 жылдан бері енгізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 9 өңір қамтылды. Биыл тағы 11 өңір қосылады.
Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов 864 кәсіби стандартты қамтитын Ұлттық біліктілік жүйесінің рөлін және оның кадрлар даярлау жұмысына әсерін атап өтті. Биыл 100-ге жуық кәсіби стандартты жаңарту жоспарлануда. 6 біліктілікті тану орталығы аккредиттелді. Тағы 5 орталық ашу жоспарлануда. Оның ішінде ERG және Pearson сияқты халықаралық серіктестермен бірлескен бастамалар да бар.
Жұмысшы мамандықтары жылындағы негізгі жобалардың қатарында 7-11 сынып оқушыларына арналған жаңа кәсіптік диагностика функционалы бар «Мансап компасы» платформасы, 500 мыңнан астам мектеп оқушысы мен ТжКБ студенттерін қамтитын Skills.enbek.kz платформасындағы «Сенің мансап жолың» курсы бар.