Түркістан облысында ауыл тұрғындары шыбын-шіркейге таланып жүр. Әлеуметтік желіде бет-аузын қаптаған жәндіктен қорғаштап, көзін аша алмай қиналып тұрған баланың видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеоны Түркістан облысы Отырар ауданы Балтакөл округіне қарасты Көлқұдық ауылының тұрғыны түсірген. Ер адамның айтуынша, ауылдағы таңғы көрініс осы. Таң атпай жатып адамдар шыбынға таланады.
«Қараңыздаршы, шақпайды деген адам қайда? Көрсін мынаны. Сұмдық қой. Мына бала қазір жылап тұр», - дейді ол.
Видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған журналист Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, Түркістан облысына жәндіктермен күресуге 650 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.
«Өткенде ғана «ойбооой, қырғын дезинфекция жасадық, соңғы шіркейдің мойнын бұрап жұлып алдық» деп жатыр еді өңір басшылығы. Көктемгі шыбын-шіркеймен күресуге Түркістан облысына 643 млн теңге бөлінген! Мына жағдайда далада жүру мүмкін емес, балалар қалай сабаққа барады? Тіпті, ауыл адамына сыртқа шығып түзге отырудың өзі мұң. Бюджеттен бөлінген ақша қайда жұмсалды екен?», - деп ашына жазды ол.
Осы видеоның астына пікір білдірген желі қолданушылары облыстағы ауыл-ауданда ғана емес, Түркістан қаласының өзінде шыбын-шіркей өріп жүргенін жазған.
«Кеше Түркістанда мешіттің айналасы да осындай. Туристтерден ұят болды, беттерін ұрғылап жүр. Түркістан. Жаңа қалада тұрамыз. Далада толған шіркей. Азанда аз болады. Түстен кешке қарай масқара далада жүре алмаймыз. Түркістан қаласында да шіркей қаптап жатыр. Телефонның ар жағынан көріп өзім қиналып кеттім ғой. Мұны улайтын ақша біреулердің асқазанына түсіп кетті-ау. Шәуілдір ауылында да осындай шіркей көп. Көксарай су қоймасы пайда болғалы бар», - дейді тұрғындар.