Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеодан кейін Алматы облысы Іле ауданының екі инспекторы қызметінен босап, ал олардың бастықтары тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазбаны заңгер Нұрлан Байғазиев желідегі парақшасында жариялаған. Видеода жас қыз аялдама алдында қызметтік автокөліктегі екі инспекторпен сөйлесіп тұр. Заңгердің сұрағына қыз 17 жаста екенін, ал полицейлер оған «Саяхат» автовокзалына дейін жеткізіп тастауды ұсынғанын айтты.
Желіге тарап кеткен видеодан кейін Алматы облысының полиция департаменті қызметтік тексеріс бастаған. Анықталғандай, ювеналды полицияның қызметкерлері көшедегі жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыс жүргізген.
«Олар кәсіби қызметі барысында әдеп нормаларын бұзған, бұл полиция қызметкерлері үшін жол беруге болмайтын дүние. Тексеріс нәтижесі бойынша бір қызметкер ішкі істер органдарынан қуылды, ал екіншісі лауазымынан босатылды. Ал осы қызметкерлердің басшылары тәртіптік жазаға тартылды», - делінген хабарламада.