Жеңіл салмақтағы қазақстандық файтер Көшен Ақанов (6-0-0-1) ONE Championship лигасындағы дебюттік жекпе-жегін өткізеді. Бұл айқас 2 мамырда Бангкокте (Тайланд) өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
27 жастағы Ақановтың қарсыласы - ресейлік Валерий Гусаров (6-1), ол былтыр қыркүйекте Қазақстандағы NAIZA лигасында өткен жекпе-жегінде отандасы Акраман Алаевты жеңген болатын.
Гусаровтың қазір қатарынан бес жеңісі бар. Ал Ақанов карьерасында әлі бір рет те жеңілген жоқ, ол алты жеңісінің бесеуін нокаутпен аяқтаған.
2023 жылы қаңтарда Көшен Ақанов Қытайдың JCK Kings лигасында да өнер көрсеткен еді, ол турнирде Қытай қазағы Құбұлан Тұрсынбектен төрешілер шешімімен басым түсті.