$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Трамптың Зеленскийге бүйрегі бұра бастады

28.04.2025ж. 20:00
111
Трамптың Зеленскийге бүйрегі бұра бастады

Трамптың Зеленскийге бүйрегі бұра бастады. Қос Президенттің Ватикандағы кездесуінен кейін, Ақ үй басшысы Путинге шүйлікті. Ал, Азияның Оңтүстігінде бүкіл әлемге қауіп төніп тұр. Ядролық держава саналатын – Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамптың Владимир Зеленский туралы пікірі өзгерді. Рим папасын ақтық сапарға шығарып салу үшін Ватиканда кездескен екі басшы соғысты тоқтату мәселесін талқылады. Украина Президентінің айтуынша, бұл кездесу тарихқа кіруі мүмкін. Ал, Трамп осы сапарынан кейін, Владимир Путин соғысты тоқтатқысы келмейді, - деп кенеттен ойын өзгертті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азаматтық нысандарға шабуылдаудың еш қажеттілігі жоқ еді. Менің ойымша, Путин соғысты тоқтатуға дайын емес. Зеленский болса, барлық жағдайды түсінеді және менен көмек сұрады. Мүмкін Ресейге бұдан да үлкен санкциялар салу керек шығар. Жақын арада шешемін.


Қытай басшысы маған хабарласты. Жақын арада келісеміз. Трамп өзінің тағы бір кішігірім жеңісімен мақтанды. Оның айтуынша, ресми бейжіңнің келіспекске амалы жоқ. Ең үлкен салық салғаннан кейін Қытай да жауап қайтарған. Тіпті, америкалық компаниялармен жұмыс істеуін тоқтатуда. Алайда, АҚШ Президенті жағдайдың оңалатынына сенімді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қос тарап аралығындағы келіссөздердің басталғанына біраз болды. Қытай өздері бірінші болып, ұсыныс жасады. Сондықтан, менің саясатымның дұрыстығын нық сеніммен айта аламын. Бұл бүкіл әлемге құлаққағыс. Ешкім АҚШ-ты тонай алмайтындығын білеуі керек.


Пәкістан мен Үндістан соғысуы мүмкін. Қос ядролық держава шекарасында атыс басталғанына 2 күн болды. Екі ел бір-бірінен қорықпайтынын және кез-келген сәтте ұрыс қарқынын үдетуге дайын екенін мәлімдеді. Тіпті, ядролық қаруды қолдануға кет әрі емеспіз, - дейді екі ел билігі. Даудың басы Ресми Дели, Үнді өзенін бөгеп, Пәкістанға баратын арнасын бұрып жіберген.

ШАВКАТ АЛИ ХАН, ПӘКІСТАН СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Үнді өзенінің арнасын бұру – біздің заңды құқығымызды шектеу және халықаралық су келісімдерін бұзу. Бұл, өз кезегінде – соғыс жариялаумен бірдей. Біз қолымызда бар кез-келген ресурсты пайдалана отыра жауап қайтара аламыз.


Айта кетейік, екі ел арасындағы жағдайдың шиелесуіне өткен аптадағы Кашмирде болған лаңкестік әрекет те себеп болып отыр. Үндістан 28 адамның қазасына Пәкістан азаматтарын кінәлап отыр.