$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Түркістан облысында марокко шегірткелері қаптап кетті

Түркістан облысында марокко шегірткелері қаптап кетті

Түркістан облысында Марокко шегірткелері күннен күнге көбейіп, жайылымдық жерлерге жайылып барады. Зиянкестерді улау жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Тіпті ұшақ пен дрон пайдалануда. Бірақ шекіртке дәріге дес берер емес. Аумақтағы ахуалды Айзада Төребекқызы баяндайды.

Түркістан облысында Келес ауданы мен Арыс қаласы аумағында марокко зиянкестерінің қарасы қалың. Шегіртке дернәсілдері биыл ерте оянды дейді шаруалар. Арыстың өзінде төрт бірдей елдімекенді қаптаған. Соның бірі - Қожатоғай ауылы. Шаруалар биылғы ауа райының қолайлы болып, күннің күрт жылынып кетуі шегірткелердің айтарлықтай көбеюіне себеп болғанын айтады. Қанаттануға жақын қалған шегірткелер енді жайылымды жайпап кете ма деп алаңдап жүр.

ТАҢАТ ТӨЛЕНБАЕВ, ШАРУА:

Биыл жаңбыр жоқ. Жер нашар, жер тықыр.  Мына шегіртке оның үстіне жеп бара жатыр. Уже қанаттап секіріп жатыр ғой, 5-6 күн болды. Өлтірудей өлтіріп жатыр, потоп-потоп болып шығып кетіп жатыр ғой, көбейіп кетіп жатыр. Шаруаға ештеңе қалмайтын болды ғой.


Арыс қаласы аумағында зиянкестер биыл 131 мың гектардан анықталған. Химиялық өңдеуге  117 техника мен 410 аспалы бүріккіш құралдар тартылған. Шегіртке ошақтарын анықтауға шаруалар да қолұшын созуда деді өңір жауаптылары.  

ИМАМЖАН ШАХАТОВ, АРЫС ҚАЛАЛЫҚ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Болжам әдістемелік орталығы мамандарының зерттеп қойған жері қазір 209 мың гектар болып тұр. Соның ішіндегі шыққан 109 мың гектары қазір химиялық өңдеуден өтіп қойды. Қауіпті кезеңге әлі жақындаған жоқ. Қазіргі уақытта  әлі 10 күн, екі апта уақыт бар. Оған дейін үлгереміз деп отырмыз.


Алайда қаптаған зиянкестер дәріге дес берер емес. Мамандар зиянкестер қанаттанып кетсе, оны өлтіру оңайға соқпайтынын айтады.  Сондықтан дәрілеу жұмыстарына ерекше тәсілдерді қосуға тура келуде.  Ауылшаруашылығы министрлігі өңірге қосымша 8 дрон жеткізіпті. Өткен жұмадан бастап  Қожатоғай елдімекенінің жайылымдарын химиялық өңдеуде заманауи құрылғылар қолданыла бастады. Дрондар жұмысты жеделдетіп, адам күшін  азайтуға септігін тигізеді дейді мамандар.

АЗАТ БЕТЕКБАЕВ, «SUNKAR EAVISION» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл дрондардың несі айта кетсек ерекше. Робототехника, содан кейін искусственный интелект дегеннің бәрі бұл құралда бар. Бұл дрондар жәндіктерге әсіресе саранчаға тиімді пайдаланады. Одан басқа тыңайтқыштар себеді. Бұл енді инскуственный интеллект болғаннан      кейін дрон түгелдей программироватся етіледі. 12 минутқа батарея жетеді. 45 литр дәрі құйылады. Бір ұшып қайтқанда 3 га жерді өңдейді.


Мамандар өзге өңдеу жұмысынан дрондардың көмегі экономикалық жағынан 4 есе тиімді деп санайды. 10 сағатта 200 гектардай аумақты химиялық өңдеуден өткізіп үлгереді. Бір артықшылығы бұл құрылғылар түнде де тоқтаусыз жұмыс істей береді. Сондықтан министрлік олардың санын арттырып жатқаны айтылды. Айта кетейік, жалпы биыл облыста марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372 мың гектар аумақта жүргізіледі деп жоспарланған.