Бүгін – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Әлемде жыл сайын жұмыс кезінде 2 миллионнан аса адамның өмірі қиылады. 270 миллионға жуық жазатайым оқиға тіркеледі. Ал Қазақстанда жылына 1500-ге жуық оқыс оқиға болады.
Астаналық Ардақ біраз уақыттан бері жұмыссыз. Ол бұған дейін еліміздегі шетелдік компанияда жұмыс істеген. Жұмыс барысында оқыс оқиға тап болып, түрлі дене жарақатын алған. Абырой болғанда аман қалды.
АРДАҚ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Көмектесіп жатыр енді, жалпы айтқанда. Выплатасын ай сайын жүргізіп жатыр. Қалғаны енді келісім шартта не жазылды өздері орындап жатыр. Біз ол кезде білген де жоқпыз ғой. Жұмысқа тұрған кезде не қылса да тұру керек дегеннен кейін тұрдық.
Еліміздегі кәсіпорындарда жыл сайын 1400-ден аса жазатайым оқиға тіркеледі. Оның 200-ге жуығы адам өлімімен аяқталады. Мұндай жағдай әсіресе, тау-кен металлургия кешеніндегі кәсіпорындар мен құрылыс саласында жиі байқалады.
Қазір елімізде 470 мыңнан астам адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Былтыр аттестаттау нәтижесі бойынша 679 мың адам зиянды жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алған. Оған жұмыс берушілер 297,4 млрд теңге бөлді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 16,6 пайыз көп.
Соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,3 пайыз, қаза тапқандар саны 2,9 пайыз азайған. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 1042 материал жіберіліп, 215 қылмыстық іс қозғалған.
Заңгерлердің айтуынша, жұмыс берушілер қарамағындағылардың өмірін сақтандыруға міндеттелгелі сотқа жететін істер азайған.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
Егер де жұмыскерді кінәлі деп тапса немесе қызмет бабында болған оқыс оқиға болса, міндетті түрде осы сақтандыру компаниялары арқылы өтемақыны төлейді. Сол себептен бүгінгі таңда соттарда мұндай даулар өте аз.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге әлеуметтік қорғаудың қосымша тетігін енгізу бойынша былтыр қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген. Бұл төлемдерге кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған 55 жасқа толған жұмыскерлер құқылы. Қазір осы мүмкіндікті пайдаланған 14 мыңнан астам адам зиянды жұмыстан шығып, арнаулы әлеуметтік төлемдер алуда.