"Қандаспен жеткен қазына". Ата жұртқа алыстан келген ағайын елордада дүйім жұртқа өнерін паш етті. Қазақтың бай мұрасы сақталған көрме өтіп, ән мен жырға толы кеш ұйымдастырылды.
Ұлттық құндылықтар дәріптелген шараның шымылдығы көрмемен ашылды. Тамашалай келген жұрттың қарасы қалың болды.
БОТА БАМАНҚЫЗЫ, "БОТА" ҚОЛҒАНАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Президентіміз Ұлттық құрылтайда осы ұлттық құндылыққа баса назар аударғанын білеміз ғой. "Бота" қолғанат орталығы осындай бір ауқымды іс-шараларды, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, паш ету мақсатында ұйымдастырып жатырмыз. Бұл енді расымен де Астана қаласында бірінші рет бас қосуы қандастардың деуге болады.
Көрмеде сүйекті сөйлеткен атақты қолөнер шебері Бектас Кәрім ерекше мүсіндерді көпшілікке көрсетті. Ол 10 жылдан бері түрлі бейнедегі жәдігерлерді малдың жауырын сүйегінен жасайды.
БЕКТАС КӘРІМ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
Жауырын сүйек енді бізде қазақта жай сүйек емес, бір қасиетті, өзінің орны бар, сондай бір ерекше сүйек. Қандай бір тақырып таңдасаң, соны сол жауырынға сыйғызып, композиция солай жасалады.
Мәдени шарада қандастардың төлтума өнері, көне әндері мен күй мұрасына жұрт қанық болды. Туындылардың жаңарып-жаңғыруына филармония артистері үлес қосты.
ШОЛПАН ҚОРҒАНБЕК, Е. РАХМАДИЕВ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:
Қазіргі заманда көп халық жеңіл музыкаға бейім. Өзіміздің ұлттық құндылықты жоғалтпауымыз керек. Сомен жастарды тәрбиелеп, құлақты үйрету керек жанды дыбыстарға, әуендерге.
Ата-жұртым деп ағылып ел көшкенде қазақ даласына адам ғана келмейді. Қазақтың байырғы мәдениеті, төл өнері, бұзылмай сақталған дәстүр-салты да қоса жетеді.