Петропавлдағы Заречный кентінде жұмыс істеп жатқан әскери қызметшілер мылтық ұңғыларын үй іргетасынан тауып алған, - деп жазды KAZINFORM.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Заречный кентінде әскери қызметшілер бөгеттерді нығайтып жатыр. Қапшықтарға құм-балшық салу кезінде олар үйдің ескі іргетасынан шығып тұрған мылтық ұңғысын көрген.
Осы учаскеде кезекшілік атқарған полицейлер іргетасты бұзып, нәтижесінде одан 46 мылтық ұңғысы мен аңшылық қарудың бөлшектерін алып шықты.
Тәртіп сақшылары оларды қаптарға салып, қайықпен судан алып өтіп, Петропавл қаласының полиция басқармасына жеткізді. Бетонды кім және қай жылдары ерекше тәсілмен шегендегені енді тексеру барысында анықталмақ.