Ғалымдар алғаш рет зертханада адам тісін сәтті өсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі telegraph-қа сілтеме жасап.
King’s College London және Imperial College London университеттерінің ғалымдары адам тісін зертханалық жағдайда сәтті өсіріп шықты. Бұл жаңалық стоматология әлемінде төңкеріс жасап, тістерді қалпына келтірудің табиғи әрі тиімді әдісін ұсына алады.
Бұл зерттеу 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізілген. Бұған дейінгі әрекеттер сәтсіздікке ұшырап келді. Себебі тіс жасушалары бір-бірімен тиімді байланыс орната алмады. Бірақ қазір зерттеушілер арнайы гидрогель жасап шығарды — ол жасушалардың байланысып, тіс құрылымын (эмаль, дентин, тамырлар) дамытуына жағдай жасайды.
Осы тұрғыда ғалымдар не дейді?
Пломбалар тіс құрылымын әлсіретеді, олардың қызмет ету мерзімі шектеулі, әрі кейінгі тіс шіруіне немесе сезімталдыққа себеп болуы мүмкін. Импланттар болса, инвазивті ота талап етеді және әрдайым толық табиғи функцияны қалпына келтіре алмайды. Ал зертханада өсірілген тістер ағзаға биологиялық тұрғыдан үйлесімді, берік әрі ұзақ мерзімді шешім. Олар нағыз тіс сияқты жақ сүйекке табиғи түрде бірігіп кетеді, - дейді King’s College London зерттеуші Сюэчэн Чжан.
Чжан болашақта тісті ауыз қуысына орналастырудың екі жолын қарастырып жатқанын айтты. Біріншіден, жас тіс жасушаларын тікелей тіс жоқ жерге салып, олардың сол жерде табиғи өсуіне мүмкіндік беру. Екнішіден, толыққанды тісті зертханада өсіріп, кейіннен ғана пациентке салу.
Бірақ екі жағдайда да бізге тістің ең бастапқы даму процесін зертханадан бақылай бастау қажет, — дейді ол.
Регенеративті стоматология бөлімінің жетекшісі Ана Анжелова Волпони де келешекте стоматологияда үлкен өзгерістер болатынын айтады.
Бұл сала дами келе, мұндай инновациялық әдістерді енгізу арқылы стоматологиялық көмек түбегейлі өзгереді. Бұл тісті қалпына келтіру мен қайта өсірудің тиімді әрі ұзақ мерзімді жолы, - дейді ол.
Ғалымдар зертханада өсірілген тістердің басты артықшылықтары көп дейді. Олар: табиғи түрде қайта өсу қабілеті, нағыз тіс сияқты құрылымы мен қызметі, иммундық жүйе тарапынан кері қабылдану қаупі жоқ. Сондай-ақ, зерттеушілер өсірілген тістер пломба мен имплантқа қарағанда ұзақ қызмет ететінін алға тартады.
Ғалымдар қазіргі уақытта жануарларға сынақ жүргізіп жатыр. Егер бұл кезең сәтті өтсе, адамдарға арналған клиникалық сынақтар 2028 жылға қарай басталуы мүмкін деп болжанған.
Бұл жаңалық стоматология мен биомедицина саласында жаңа дәуірдің бастамасы болуы мүмкін. Келешекте адамдар тіс жұлдыру немесе имплант салдырудың орнына өз тістерін қайта өсіре алатын деңгейге жететіні анық.