$512.32 €582.92 ₽6.29
×

Путин соғысты тоқтатты

29.04.2025ж. 20:00
68
Путин соғысты тоқтатты

Путин соғысты тоқтатады. Бірақ тек үш күнге.  Ресей Президенті жеңістің 80 жылдығына орай осындай шешім қабылдаған. Алайда, АҚШ Президенті қос ел арасында толыққанды келісім орнайды дегенге сенуден қалды. Ал, Пәкістан әне-міне Үндістан басып кіреді деп қауіптеніп, алапат соғысқа дайындалып жатыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Путин 3 күнге соғысты тоқтатады. Ресей Президенті Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай рақымшылық танытпақ. Алайда, Украина тарапынан да жауап ретінде оқ атпау режимін сақтаса жақсы болар еді деген ниетін жасырмады. Бірақ, Украина басшысы Владимир Зеленский болса, бұған сене қою қиын екенін жеткізді.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Уақытша соғысты тоқтатып, одан кейін қайтадан атысты бастау – ақылға сыймайды. Дереу, толыққанды және барлық жерде атыс тоқтағанда ғана біз Ресейге сене аламыз. Кремльге 9 мамырда тыныштық керек. Сол үшін ғана осындай ұсыныс жасап отыр. Бұл – нағыз алаяқтық.


Трамп үмітін үзе бастады. Ақ Үй баспасөз қызметі осындай мәлімдеме жасады. АҚШ Президенті, әсіресе, Путинмен келісемін деген ниетінен де бас тартуға жақын.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Президент Трамп күдерін үзе бастады. Ол Ресей мен Украина басшыларына соғысты толыққанды тоқтату керектігін ескертіп шаршады. Зеленскиймен кездесуі өте жақсы болды. Украина басшысы, соғысты тоқтату үшін барын салып отыр. Алайда, Путин әлі дайын емес секілді.


Пәкістан соғысқа дайындалып жатыр. Себебі, елдің барлау қызметі Үндістан мамыр айының басында шабуылдауы мүмкін екенін жеткізген. Осыған орай, елдің қарулы күштері толыққанды ұрысқа дайындығын пысықтауда. Естеріңізге сала кетсек, демалыс күндері екі ел шекарасында болған атыс әлі тоқтамай тұр.

ХАВАЖА МҰХАММЕД АСИФ, ПӘКІСТАННЫҢ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Үндістан жақын арада шабуыл жасайды. Олар барлығын шешіп қойған. Сол үшін біз әскерімізді күшейтіп жатырмыз. Біз бұл соғысты тоқтата алмаймыз. Сондықтан, қолымыздан келетіні – тек стратегиялық шешімдер қабылдау.


Басталып кетуі мүмкін бұл соғыстың басты себебі, су ресурстарын пайдалану емес, Кашмирдегі терракт секілді. Үндістан билігі бұған Пәкістан азаматтарын айыптауда. Айта кетейік, қос мемлекеттің де ядролық қаруы бар.