Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында бірқатар өңір әкімдерінің жұмысын сынға алды. Оған себеп – ауылды жерлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйым нысандары құрылысының кешіктірілуі. Үкімет басшысының сөзінше, Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында құрылыс қарқыны тым баяу. Кей өңірлерде осы күнге дейін жобалық құжаттама әзірленбеген. 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес. Олжас Бектенов жергілікті атқамінерлерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Айта кету керек, Ұлттық пилоттық жоба аясында 655 медициналық нысан салу жоспарланған. Бүгінде 467 объектінің құрылысы аяқталды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Нысандарды уақтылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек. Өңір әкімдері биыл жоспарланған барлық медициналық объектілерді мерзімінен кешіктірмей іске қосуды қамтамасыз етсін. Сондай-ақ бұл жұмыстың сапасына теріс әсерін тигізбеуі тиіс.