Павлодарда 6 бірдей медициналық мекеменің құрылысы бітер емес. Бірі- Железин ауданы Мыңкөл ауылындағы медпункт. Қазынадан 70 млн. теңге жұмсалған нысан жарым жартылай ғана салынған. Қыстан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Мердігер жұмысты уақытылы аяқтай алмаған соң, келісім шарт бұзылған. Алайда, қараусыз құрылыс ауыл тұрғындары үшін қорқыныш алаңына айналды. Ашық жатқан кәріз құдығы ауыл балалары үшін қауіпті болып тұр. Ал тұрғындар құрылыстың сапасына күнәмен қарайды.
Мыңкөл ауылында 400-ге жуық тұрғын бар. Былтыр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медпунктің құрылысы басталды. Жыл соңында қолданысқа берілуі керек болатын. Алайда, мердігер жұмысты уақытылы аяқтай алмаған. Ақыры құрылыс тоқтап қалды.
ВАЛЕНТИНА ЧЕСНОВА, МЫҢКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ақыл есі дұрыс құрылысшы цементті ашық аспан астында қалдырмайды. Яғни, су тисе ол бүлінетіні белгілі. Бұл цемент енді жарамсыз болып қалды. Қаншама ақша далаға кетіп жатыр. Ал ол ақша сіз бен біздің салығымыздан түскен қаражат.
Қыстан бері қаңырап тұрған нысанды ешкім күзетпейді. Кірпіш, цемент секілді құрылыс заттары қараусыз жатыр. Бұған жаны ашыған ауыл тұрғындары өздері кезекпен кезек қарауылдап жүр. Ал құрылыстың сапасына күмәнмен қарайды.
ДАСТАН НҰРСЕЙІТОВ, МЫҢКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көктемде бұл ғимараттың іші суға толып тұрды. Қазір апатты жағдайда. Өйткені, іргетасы судың астында қалды. Ал шатыр толық жабылған жоқ. Төбені плиталарын қосатын екі қабырғаның арасы алшақтап кеткен. Ертең төбесі құлап кетуі де әбден мүмкін. Ал құрылысқа ешқандай бақылау жасалынып жатқан.
Қараусыз құрылыс балалардың ойын алаңына айналған. Мұндағы қазылған шұңқырлар мен кәріз құдығының беті жабылмаған. Тұрғындар балаларымыз құдыққа құлап, жазым бола ма - деп қорқады.
ӨРКЕН ҚАСҚЫРБАЕВ, МЫҢКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мына салынған септик бөгет. Балаларға қауіпті болып тұр. Ойын ойнағанда мынаған түсіп кетуі мүмкін. Күннің көзі көтеріліп ыстық болса, мынаның исі мүңкіп, денсаулықтарына қауіпті болады. Сол үшін дұрыс емес салынғандары.
Мамандар құрылыстан бірқатар кемшілік тапқан. Сол себепті техникалық бақылаушылар құрылысты тоқтатыпты. Ал тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы кәсіпкерді сотқа берген.
АБЫЛАЙ МҮШКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Келісім шарт бойынша мердігер құрылысты өткен жылы аяқтауы керек еді. Сол себепті біз оны сотқа бердік. Бірақ, қазір мердігер келісімге келіп, жұмысты аяқтайтын болды. Құрылыс жұмыстары жақын күндер басталатын болады.
Басқарманың мәліметінше, нысан шілденің 1-не дейін аяқталмақ. Құрылыс жұмыстарына биыл тағы 66 млн. теңге бөлінген. Ал өңірде осы секілді сағызша созылған әлі 5 медициналық мекеме бар.