Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Волгоградта халықаралық форумға қатысты. Аталмыш іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Мәжіліс төрағасы форумның ашылуында сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан бойынша 2 мыңға жуық еске алу, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және басқа да іс-шара өткенін айтты. Ал Астанадағы әскери шеру ең ауқымды оқиға болмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен де еліміздің әр түкпіріндегі елдімекендерде 500-ден астам көшеге соғысқа қатысқан жергілікті қаһармандардың есімі берілгенін атап өтті.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
– Біз осынау қасиетті жерде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл Жеңіс – дүниежүзілік маңызы зор тарихи оқиға. Соғысты, қаһармандарды, олардың ерлігін мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды» деген сөзіне назар аударғым келеді.
Сондай-ақ сапар барысында Ерлан Қошанов "Сталинград шайқасы" музей-панорамасын аралап, Мәжіліс атынан ғимаратқа Нұркен Әбдіровтің Қарағандыда орнатылған ескерткішінің шағын көшірмесін сыйға тартты.