Биыл — Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай Алматы облысында алғаш рет республика колледждері арасында «Білім беру процесіне жасанды интеллекті енгізу: өзектілік, мүмкіндіктер және әрекет ету алгоритмі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден 90-нан астам педагог қатысып, баяндамаларын ұсынды. Бұл жасанды интеллектке негізделген білім беру тәжірибесін ортақ алаңда талқылауға мүмкіндік берген алғашқы кең ауқымды басқосу болды.
ЖАҚСЫБАЙ ҚАСЫМБЕК, АЛМАТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
Алматы технологиялық колледжінде оқу бағдарламасын құрастыру кезінде біз жасанды интелектті пайдаланып көрдік. Өте жақсы. Алдағы уақытта жасанды интелектті осы бағытта кеңірек пайдаланамыз дейміз. Себебі оқу бағдарламасы біздің студенттің, түлегіміздің сапасын анықтайтын оқу бағдарламасы.
Алматы экономикалық колледжінде «Digital педагог» курсы қолға алынған. Мұнда ұстаздар жасанды интеллектті қолдану дағдыларын меңгеріп, оны оқу процесіне жүйелі енгізіп келеді. Бұл – тек технологияны қолдану емес, білім беру тәсілін түбегейлі өзгертуге бағытталған нақты қадам.
АҚТОТЫ НАРИМАНОВА, ЖАС МАМАН:
Колледжімізде жас мамандар мектебі бар. Өзім жас маман болған соң, сол мектептен білім алдық. Яғни әртүрлі технологияларды қалай қолдану керек және цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында әртүрлі курстар ұйымдастырылған болатын. Соның арқасында қазіргі таңда оқу процесінде күнделікті жасанды интелектті қолданып отырамын және осы осы жасанды интелектті қолдану студенттердің де қызығушылығын арттырып жатқанын байқаймын.
Конференция қорытындысы бойынша үздік баяндамалар арнайы дипломдармен марапатталып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Ал ұсынылған баяндамалар тезистері электронды жинақта алдағы уақытта жарық көрмек.