Әлеуметтік желінің жұлдызына айналған 76 жастағы хореограф ұстаз «Jibek Joly» арнасындағы «Бүгін.Live» бағдарламасына берген сұхбатында неге би үйретенінін және оның видеосы қалай тарап кеткенін айтып берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, сәуір айының басында би конкурстарының біріне барған ұстаздар сахна сыртында тұрып, кішкентай балаларға биін көрсетіп тұрған қарияның видеосын желіге жүктеген еді. Оның видеосы әртүрлі пабликтерде миллиондаған қаралым жинап, биші қария лезде жұлдызда айналды.
Өзінің айтуынша, ол қазір Астана маңындағы Қоянды ауылындағы мектепте би үйірмесінде жұмыс істейді екен.
«Негізі, жас кезімде Ауыл шаруашылығы техникумында білім алдым. Алғаш рет сол жерде жүргенде биге қатысып, әртүрлі конкурстарға бардым. Ал, ауыл мектебіне мұғалім болып келгенде тегін үйірме ашып, балаларға би үйретіп, конкурстарға қатысып жүрдік. Бірде аудандық жарыста көзге түсіп, ары қарай облысқа шықтық. Содан мені ауданның Мәдениет үйіне жұмысқа жіберген еді», - дейді жастық шағын еске алған ол.
76 жастағы хореограф ұстаз Ерсін Жүсіпов қазіргі егде жасына қарамай да қызмет етіп келеді. Әлеуметтік желіде тараған видеоны алғашында өзі көрмеген де екен.
«Ол видеода мен Қоянды ауылының балаларын конкурсқа әкелген кезім еді. Конкурстан кейін 3-4 күн өткен соң балаларым келіп, «ата, қараңызшы, Сіздің видеоңыз бүкіл интернетте жүр» деді. Мен басында ұялдым, «клоун» сияқты салып қойыпты деп ренжідім. Мектеп директорына хабарласып едім, «ата, видеоны салған мен емес» деді. Сол конкурсқа барған басқа ұстаздар салған ғой», - дейді
Ерсін Жүсіповиің мектеп бітіргеніне жуырда 60 жыл толады екен.
«Құрдастарымның бәріне «таяқ ұстамай келіңдер, бәріңді билетемін» дедім. Жұбайым да математик. Ол билемейді, бірақ ширақ», - деді қалжыңға басқан ол.