$512.32 €582.92 ₽6.29
×

«Ұлы дала жорығы» Алматы облысының туризміне серпін береді

AstanaTV
30.04.2025ж. 12:23
149
«Ұлы дала жорығы» Алматы облысының туризміне серпін береді
Фото: Егемен Қазақстан

Алматы облысы – туризмді өркендету тұрғысынан әлеуеті де мүмкіндігі де зор өңір. Мемлекет басшысы жергілікті халықпен кездесуінде туризмді дамыту – экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты екенін атап өтіп, табиғаттың тартуын ел байлығы ретінде бағалағанын айта кеткен жөн, - деп хабарлайды Егемен Қазақстан.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында биыл «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны Жеңістің 80 жылдығына орай өтетінін әрі дода алғаш рет толықтай Алматы облысының аумағында өтетінін мәлім етті.

Алматы облысын алға жетелейтін жетек­ші саланың бірі саналатын туризмді дамытуға қатысты алдағы уақытта өңірде бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді. Олардың қатарында Ұлы дала жорығы, «Абрикос» фестивалі, маусым-шілде айларында жоспарланған «Ұлы дала көші» этнофестивалі бар. Қазақ халқының мәдени мұрасын, көшпелі өркениет ерекшелігін халық­аралық деңгейде дәріптеуді көз­дейтін фестивальға 12 мемлекеттен – Қазақ­стан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Моңғо­лия, Башқұртстан, Бурятия, Татарстан, Мажарстан, Саха, Тыва республикаларынан өкілдер қатысады. Осындай еларалық деңгейді қамтитын байыпты бастамалар өңірдің ғана емес елі­міздің халық­ара­­­лық аренадағы беде­­лін арт­тырып, ту­­ристік тар­тым­ды­лы­ғын одан әрі кү­шей­туге серпін берері сөзсіз.

Биылғы «Ұлы дала жорығы» ха­лық­­­ара­лық бәй­ге-марафоны – Жеңіс­тің 80 жыл­ды­ғына орай ұйым­дас­тырылатын айтулы іс-шара ретінде алғаш рет то­лық Алматы об­лы­сы­ның аумағында өтеді. Бұған дейін бірне­ше өңір­ді қамтып, мыңда­ған ша­қырымға созылып келген бұл дәстүрлі бәй­ге-марафон биыл қаты­сушы­лардың қарымын бір ғана облыс көлемінде сы­на­ғалы отыр. Мерейлі ха­лық­аралық шара біздің мәр­те­бемізді арттырып қана қой­май, облыс жұртшылығына зор жауапкершілік артары да анық.

– Халықаралық бәйге-мара­фонды «Joryq» ат спорты феде­рациясының басшысы әрі жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков Алматы облысы әкімдігіне бірлесіп ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірген. Ел руханияты үшін маңызы зор жобаны бірден қолдап, қолға алдық. Болашағы жарқын жобаның мазмұны терең әрі туризм саласын ілгерілетуге қосар үлесі зор. Бұл бастама біздің алға қойып отырған мақсаттарымызбен де үндесіп жатыр. Өңірімізге келетін туристер мен жарысқа қатысушыларға көрсететін көрікті жерлеріміз баршылық. Тіпті жоспарланған шараларды бес күнге сыйғызу қиынға соғып отыр. Сондық­тан барлығын егжей-тегжейлі ойластырып, барлық тарапқа тиімді болуын қарас­тырып жатырмыз. Әр шетелдік қатысу­шының қызығушылығы болашақта облысымызға шетелдік туристердің легін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, деді әкім.

Мемлекет басшысы: «Ұлы дала жорығы – бұл қазақ халқының атқа міну мәдениетін жаңғырту, ұлттық спортты дамыту әрі жас­тарды патриотизмге тәрбиелеу жолын­дағы маңызды қадам», деп жобаның елдік мән-маңызын атап өткенін есте ұстай отырып, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған құндылықтарын қайта жаңғырту, жас­тарымызды отан­сүй­гіштікке тәрбиелеудегі озық тәжірибемізді өзгелерге де насихаттай алсақ, нұр үстіне нұр болары анық.

Ат спорты – қазақтың қанында бар, ұлттың төл болмысы. Жастарды атқа баулу, жылқы жануарын ­тануға үйрету – ұлт жадында ат үстіндегі өмір сүру мәдениетін қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

Дәстүрге айналған «Ұлы дала жорығы» халық­аралық марафоны 9–14 мамыр ара­лы­ғында өтеді. Қазіргі таңда бес күндік бәй­геге бірнеше шетелдік команда қатысу­ға ниет білдіріп отыр. Бұл – азамат пен қа­за­наттың қайрат-күші мен ерік-жігері сы­на­латын үлкен дода. Шараның жоғары дең­гейде ұйымдастырылатынына сенім мол.

Жарысқа 10-нан астам елден, атап айтқанда, Түркия, Ресей, Мажарстан, Оңтүс­тік Африка Республикасы, Қыр­ғыз­стан, өзге де мемлекеттерден жүз­ден астам спортшы келмек. Біздің шабандоздар жарысқа қатысып қана қой­май, халықаралық әріптестік орнатып, өңіріміздің көрікті жерлерімен қонақ­тарды таныстырады. Биылғы халықаралық бәйге-марафон табиғаты көркем, тарихи орындарға бай Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының аумағында өтеді. Шабандоздар бес күн ішінде 500 шақырым жолды еңсеріп, шын мықтыны анықтайды.

Марафон аясында өтетін ауқымды шара­лардың бірі – асылтұқымды жылқы­лар көрмесі. Бұл көрмеде келушілер еліміз­де өсірі­летін ерекше жылқы тұқым­дары­мен та­ны­сып, жылқы шаруашы­лығы­ның дамуы­­на назар аудара алады. Соны­мен қатар шет­елдік меймандарға қазақ халқы­ның мә­дени мұрасын тереңі­рек таныту мақ­сатын­да этноауылдар, фото­ай­мақтар мен интера­к­тивті алаңдар ұйым­дас­тырылады. Ел іші­нен келген қолөнер шеберлері ұлт­тық бұйым­дарын жәрмеңкеге шығарып, халқы­­мыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәс­түрін көп­шілікке кеңінен насихаттайды. Бұл – дәс­түрлі мәдениеттің бай мұрасын көр­сетуге берілген үлкен мүмкіндік. Біз тек спорт­­­­шы­лар­дың ғана емес, халқы­мыз­дың тари­­хи бол­мысы мен мәдени құндылық­тарын да бү­кіл әлемге танытуды мақсат етеміз.

Марафон барысында қатысу­шылар күн сайын арнайы аялдамаларда аттарын суытып, тынығуға мүмкіндік алады. Сол сәттерде ұлттық ойындарымыз көрсетіліп, қазақи киім үлгілері таныстырылады. Осылайша, бәйге тек спорттық дода ғана емес, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтатын, достықты бекемдейтін бірегей алаңға айналмақ.

Бұл жорық – ат пен адамның физикалық қуа­тын ғана сынайтын дода емес, ол – рухани саяхат. Тарихпен, мәдениетпен, табиғатпен үндесіп, бабалар ізімен жүріп өтетін «Ұлы дала жорығы» – ата-баба мұ­ра­­сын құрметтеу, ұлттық рухты кө­теру жо­лындағы үлкен қадам. Бар­лық қаты­сушы­ларға сәттілік пен жеңіс тілеймін! Өз тара­пымыздан барлық спорт­шыларға лайық­ты жағдай жасауға бар күшімізді саламыз,- деді.