Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы бұйрығы медицина саласындағы жемқорлыққа жол ашып тұрғанын мәлімдеп, министр Ақмарал Әлназаровадан осы құжаттың күші қашан жойылатынын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржылық есеп жүргізбейді, бұл бұйрық арқылы бекіген. МӘМС жүйесіндегі ақша жымқыру, сыбайлас жемқорлық пен олқылықтардың бәрі осының кесірінен орын алып отыр. Жоғары аудиторлық палата осындай қорытынды жасаған.
«Міне, қараңыздар, сіздердің алдарыңызда МӘМС қорындағы жемқорлықтың көзіне айналған 2020 жылғы бұйрық. Бұл заңға қайшы, қаржы жымқыру мен жемқорлық тәуекелдерін тудыратын құжат. Мен бұл бұйрықты сіз қабылдамағаныңызды білемін. Бірақ министр қызметіне келгеннен бері сіз осы бұйрықты өзгертуіңіз керек еді ғой. Министр ретінде бұл сіздің міндетіңізге жатады емес пе. Оның үстіне сенатор болғанда сіз осы бұйрықты жиі сынаған едіңіз. Айтыңызшы, осы бұйрықты қашан жоясыз?»,- деп ашуланды Бақытжан Базарбек.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұйрықтың күші жойылмайтынын, тек өзгеріс енгізілетінін атап өтті.
«Біз де Қордың, медицина ұйымдарының ашықтығы мен есептілігін арттыруға мүдделіміз. Біз бұл бұйрықты алып тастамаймыз, бірақ олқылықтарды жою үшін 1 шілдеге дейін өзгеріс енгіземіз. Тиісті органдарға материалдарды жолдаймыз», - деп сендірді ол.