$512.34 €582.07 ₽6.31
×

Ажырасқандарға салықты көбейту ұсынылды: депутат жаңа бастамалар көтерді

AstanaTV
30.04.2025ж. 18:15
75
Ажырасқандарға салықты көбейту ұсынылды: депутат жаңа бастамалар көтерді
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі ажырасу көрсеткішінің артып отырғанын атап өтіп, отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– 2023 жылы Қазақстанда 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың ер адам жалғыз басты ата-анаға айналып отыр, – деді Ардақ Назаров.

Оның пікірінше, бұл көрсеткіштер отбасылық құндылықтардың әлсіреп бара жатқанын көрсетеді. Сол себепті, ол ажырасудың алдын алу үшін заңнамалық тұрғыда бірқатар шектеулер енгізуді ұсынды. Соның ішінде, ажырасуға өтініш берген кезде арнайы мемлекеттік баж төлеу жүйесін енгізу қажеттігін айтты. Бұл төлемнің мөлшері жоғары болуы керек.

– Бұдан бөлек, ресми түрде ажырасқан азаматтарға салынатын табыс салығының мөлшерін біртіндеп арттыру тетігін қарастыру қажет, – деді депутат.

Назаров отбасылық жанжалдарды шешу үшін дәстүрлі институттардың әлеуетін пайдалануды да ұсынды. Оның пікірінше, имамдар, ардагерлер алқасы, әйелдер кеңесі секілді консультативтік кеңестерге татуластыру құзыреті беріліп, сотқа дейінгі кезеңде ерлі-зайыптылармен жұмыс жүргізілуі керек.

Сондай-ақ, депутат "Жас отбасы" атты ұлттық бағдарлама әзірлеуді және жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша ақпараттық-идеологиялық кампания жүргізуді ұсынды.

– Соңғы жылдары үйлену тойын өткізу үшін несие алу кең тарап барады. Бұл – жас отбасының берекесіне, экономикалық тәуелсіздігіне қауіп. Той үшін қарызға батып, жылдар бойы несие төлеу – дұрыс үрдіс емес. Осыған қарсы жалпыхалықтық ақпараттық қозғалыс қажет, – деді Ардақ Назаров.