Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы мектептің директорына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағалимын» таныстырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша алаяқ жеке мәселелерін заңсыз жолмен шешуге тырысқан. Қазіргі уақытта күдікті анықталып, оған қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілі алаяқтар тарапынан жасалатын қылмыстың жиілеп кеткенін айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады.
Ведомство өкілінің айтуынша, алаяқтар өздерін агенттік басшысы немесе қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды алдап, пайда табуға тырысады.
«Алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде (WhatsApp, Telegram, Instagram, Facebook және т.б.) жалған аккаунттар ашып, телефон соғып, өздерін Агенттік басшысы немесе қызметкері ретінде таныстырады. Олар азаматтарды шатастырып, алаяқтық жолмен ақша немесе басқа да пайда табуға әрекет етеді», - деді Антикордан.
Агенттік азаматтарды күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге, белгісіз сілтемелерді ашпауға, ешбір жағдайда ақша аудармауға шақырды.