$512.34 €582.07 ₽6.31
×

Қарағандыда асырап алған 6 баласын аямай азаптаған отбасына қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
30.04.2025ж. 20:00
62
Қарағандыда асырап алған 6 баласын аямай азаптаған отбасына қатысты сот отырысы басталды

Қарағанды облысында асырап алған 6 баласын аямай азаптаған патронатты отбасына қатысты сот ісі басталды. Айыпталушы 46 жастағы ер адам мен әйелі және 20 жастағы студент қызы. Ер адам бұрын Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылында мектеп директоры болған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, отбасы ауылда 2018 жылы патронатты отбасылық типтегі балалар үйін құрып 2009, 2008, 2011 жылдары туған 6 баланы қамқорына алған. Айыпталушылар жетімдердің құқын қорғаудың орнына өмірлерін тозаққа айналдырған. Алты жыл бойы ұрып-соғып, мал қора мен бақшада жұмыс істеткен.  Ыстық сумен күйдіріп, қамшымен, темірмен ұрған. Жаңбыр құрттары мен құмырсқаны күшпен жегізген. Жантүршігерлік оқиғаны балалардың үлкені құрбысына сыр етіп айтады. Кейін құрбысы өзінің анасына жеткізгенде ғана істің беті ашыла бастайды.

МЕДЕУ ЖАҚАНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:

Түнде иттің үйшігіне ұйықтауға мәжбүрлеген. Құр макаронмен тамақтандырып қана қоймай, балалардың тамағына малдың қиын қосып беріп, оны жеуге мәжбүрлеген. Ал бұл уақытта өз балалары құнарлы пайдалы тамақ ішкен. Асқан қатыгездікпен ұрып соққан. Тіпті дәрет сындыруға кезекпен сыртқа жүгіріп барып келуге ғана рұқсат берген.


Айыпталушылар «кәмелетке толмаған жанға қасақана ауыр зиян келтіру», «азаптау», «қорлау ниетімен психикалық, морольдық зиян келтіру», «мемлекеттен бөлінген қаражатты өз бетімен жұмсау» секілді баптармен айыпталған. Тергеушілер дәлел ретінде балалардың денесінен 17-ден 47-ге дейін тыртық, жарақаттар тапты. Балалардың ең кішісі кеше ғана отадан шыққан. Оның бас миы ауыр жарақаттанғандықтан жыл сайын ота жасатуға мәжбүр. Жасөспірімдердің 3-еуі бір үйдің балалары. Бүгін олардың туыстары сотқа қатысты. Әжесінің айтуынша, некеге отырмаған келіні балаларын тастап кеткен. Кейін әкелері қайтыс болған соң, кейуана туыстығын дәлелдеймін деп жүргенде немерелері балалар үйіне өтіп кетеді. Тек бір жарым жыл бұрын ғана іздеп тауыпты.

ЖЕТІМДЕРДІҢ ӘЖЕСІ:

Огородта жұмыс істеген кезде жаңбыр құрты мен құрт-құмырысқаны зорлап жегізген. Қинаған. Үлкен қызымды кипитокпен бетін күйдірген. Соның бәрін айтып отырады олар. Семьясымен қорлаған балаларды. Қазір мен қылмыскерлердің толықтай жазалануын талап етемін, балалық шақтарын ұрлады қылмыскерлер.