Іштен шыққан жау жаман. Трамп әкімшілігі осылай деп ағынан жарылды. АҚШ Президенті әлемдегі ең бай адамдардың бірі Джефф Безосты тізе бүктірді. Себебі, ол Трамп салған салықтың салдарын көрсеткен. Бірақ, АҚШ Президенті тағы бір шегініс жасады. Өзінің әрекетінен кейін елдегі көлік өндірісі құлдырағасын оларға 25 пайыздық жеңілдік жасады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Бұл адам Американың нағыз жауы. АҚШ Президентінің әкімшілігі Джефф Безос туралы осылай дейді. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі өзінің Амазон компаниясы арқылы Трамп тарифтерінен кейінгі бағалардағы өзгерістерді дүкен сөрелерінде көрсете бастаған. Сондықтан, оған қарсы қысым басталып кетті. Билік бұны жасыратын да емес.
КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Амазонның бұл тірлігі – нағыз саяси жаулық. Ол өз халқына қарсы әрекет етуде. Амазон осыған дейін неге бағалардағы айырмашылықтарды көрсетпеді. Мәселен, Байден елді әкімшілігі 40 жылда болмаған инфляцияға ұшыратқанда Безос неге үнсіз қалды. Президент тарапынан, бұл, әлбетте, жауапсыз қалмайды.
Бірақ, Трамп кейбір тұста райынан қайтуға қарсы емес екендігін жеткізді. Себебі, АҚШ Президентінің әрекетінен кейін, АҚШ автоөнеркәсібі күрт құлдырай бастаған. Сондықтан, Трамп осындай 25 пайыздық жеңілдік жасады. Бірақ, бір ескерту бар екенін жасырмады. Америкалық компаниялар өз өндірісін қайтадан АҚШ аумағына көшіріп үлгеруі керек.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Егер компаниялар көлікті Америкада құрастырса ешқандай проблема болмайды. Жеңілдік уақытша ғана екенін ұмытпау керек. Осы аралықта біз шығындардың бір бөлігін өтейміз. Себебі, Америка халқы үшін жұмыс орындары керек. Алаяқтыққа жол жоқ.
Палестина мен Израиль сот залында кездесті. Нидерландтың Гаага қаласында геноцид бойынша үлкен процесс жалғасын тапты. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Палестина автономиясы Израиль Газа секторында халықты әдейі қырып жатыр деп санайды. Атап айтсақ, тек азық-түлік бар гуманитарлық көмекті кіргізбей отыр. Соның кесірінен мыңдаған адам ажал құшты деген деректер келтіруде.
АММАР ХИЖАЗИ, ПАЛЕСТИНАНЫҢ БҰҰ-ДАҒЫ ӨКІЛІ:
Израиль билігі қолдан блокада жасап, бейбіт тұрғындарға жіберілген азық-түлікті әдейі ұстап отыр. Азық-түлік бұзылып, жарамсыз қалуда. Халықаралық қауымдастық бұған тоқтау қоюы тиіс. Бұл – нағыз геноцид.
Сотта, сонымен қатар, бейбіт халыққа жасыл дәліздер жасаймыз деп Израиль жар салғанымен, оны ашпай отыр деген айып тағылуда. Бірақ, Израиль барлығын жоққа шығаруда.